Сарапшы: Қазақстан-Қытай байланысы геосаяси ландшафтты өзгертіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына сапары аясында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиньмен келіссөз жүргізіп, екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту бағыттарын белгіледі. Шығыс Қытай педагогикалық университетінің Ресей және Еуразиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, Қазақстанды зерттеу орталығының басшысы Ван Хайян осы кездесудің қорытындысы туралы өз пікірін ортаға салды.

Қазақстан-Қытай екіжақты қатынастары
Ван Хайянның айтуынша, Қазақстан-Қытай достығы мемлекеттер арасындағы стратегиялық әріптестіктің үлгісіне айналып отыр. Екі мемлекеттің көшбасшылары Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың Ұлы Жібек жолы дәуірінен бастау алатынын атап өтті. Екі ел арасында 1 700 шақырымнан астам шекара жатыр.

– Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық екі халықтың дамуына айтарлықтай мүмкіндіктер ашады. Жаһандық экономиканың баяулауына және геосаяси тәуекелдердің өсуіне қарамастан, сауда-экономикалық өзара іс-қимыл нығаюда. 2024 жылы ҚР мен ҚХР арасындағы тауар айналымының көлемі 44 млрд доллардан асып, жаңа рекорд орнатты. 2005 жылдан бастап қытайлық компаниялардың Қазақстанға салған жиынтық инвестициясы 27 млрд доллардан асты. Бұл ретте бүгінде елде 6 мыңға жуық қытайлық кәсіпорын жұмыс істейді, - дейді сарапшы.
Қазақстан Президенті Қытайдың сыртқы сауданы, технологиялық тұрғыдан сүйемелдеу жүйесін жаңғыртып, Қазақстанның индустриялық жаңаруын қолдауда басты рөл атқарып отырғанын жоғары бағалады. Ал Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан мен Қытай – «жаңғыру жолындағы сапарлас серіктер екенін атап өтті.
Ван Хайянның пікірінше, гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылды кеңейту екі елдің халықтарына жаңа игіліктер әкеледі. Кездесу барысында көшбасшылар энергетика, ғылым және техника, білім беру, спорт, қоршаған ортаны қорғау стратегияларын ұштастыру саласындағы ынтымақтастық туралы 20-дан астам екіжақты құжаттарға қол қойылды.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясында
Ван Хайянның айтуынша, біріншіден, Қазақстан мен Қытай ШЫҰ аясында тығыз ынтымақтастық орнатып отыр.
Екіншіден, Қытай алға тартқан ШЫҰ-ның басым бағыттары Қазақстанның стратегиялық мүдделеріне толық сәйкес келеді. Қытайдың төрағалығы кезінде ұйым қауіпсіздік саласындағы аймақтық ынтымақтастықты күшейтті, экономикалық интеграцияны тереңдетіп, гуманитарлық байланыстарды кеңейтті. Президент Қ.К.Тоқаев бұл басымдықтар Қазақстанның өңірлік көзқарасына сәйкес келетінін атап өтті. Екі елдің стратегиялары мен үйлесімді әрекеті қазіргі сын-қатерлерге тиімді төтеп беруге мүмкіндік ашады.
Үшіншіден, өзара құрмет пен ортақ дамуға негізделген ШЫҰ идеясы бүгінде ерекше өзекті.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында
Қазақстан мен Қытайдың тағдыры «Бір белдеу, бір жол» бастамасының арқасында тығыз байланысты екенін айтады. Ван Хайян. Ежелден бері екі ел ұлы Жібек жолының бойы арқылы байланыста болды. Ал 2013 жылы Астанада Қытай басшысы Си Цзиньпин алғаш рет «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұсынып, екі елдің жалпы дамуы мен өркендеуіне жаңа серпін берді.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара байланыс жобалары геоэкономикалық және геосаяси ландшафтты өзгертіп жатыр. Ляньюньгандағы логистикалық база, Ақтаудағы контейнер хабы, Достық–Мойынты жаңа теміржол желісі, Сиандағы бірлескен сауда-логистикалық орталық, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі (орта дәліз) соның дәлелі. Мұның бәрі Қазақстанның транзиттік әлеуетін бірнеше есе арттырып, Еуразияның негізгі көлік торабы ретіндегі рөлін нығайтуға және бүкіл континенттің даму конфигурациясын өзгертуге мүмкіндік берді.
Қазақстан мен Қытай ШЫҰ мен «Бір белдеу, бір жол» бастамаларын бірлесіп ілгерілетуге ниетті екенін айтады сарапшы. Бұған энергетика, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы өзара іс-қимылды нығайту, жасанды интеллект, цифрлық экономика, жаңартылатын энергетика, «жасыл» технология сияқты жаңа бағыттарды дамыту да кіреді.
Айта кетейік, Тяньцзиньдегі ШЫҰ саммитінде 20 құжатқа қол қойылды.