Сарапшы: Жасанды интеллект тәлімгерлік институтын алмастыра алмайды
АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект қаншалықты дамығанымен, тәлімгерлік институтын толық алмастыра алмайды. Бұл туралы ресейлік «Машук» білім орталығы жанындағы федералдық әдістемелік орталықтың жетекшісі Александр Низов мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.
Оның айтуынша, жасанды интеллектте тәлімгерге тән маңызды қасиеттер жоқ.
– Жасанды интеллект тірі тәлімгерді алмастыра алмайды. Себебі онда эмпатия, өмірлік тәжірибе және бірегей практикалық білім жоқ. ЖИ пайдалы құралға айналуы мүмкін, бірақ тәлімгер мен тәлім алушы арасындағы тікелей қарым-қатынастың орнын ешқашан баса алмайды, – деді Александр Низов.
Сарапшы қазіргі жастардың тәулік бойы қолжетімді болғандықтан чат-боттармен сөйлесуді жиі таңдайтынын атап өтті.
Оның пікірінше, тәлімгерлік мәдениетін дамыту үшін психологиялық кедергілерді азайтып, ұрпақтар арасындағы тікелей қарым-қатынасты күшейту қажет.
– Қазір көп жағдайда қоңырау шалғаннан гөрі хабарлама жазған ыңғайлырақ көрінеді. Кейде жұмыс уақытынан тыс кезде тәлімгерді мазалауға да ыңғайсызданамыз. Сондықтан тәлімгерлік жүйесін әрі тәлімгер, әрі тәлім алушы тарапынан кеңінен енгізу үшін осы кедергілерді азайту маңызды, – деді ол.
Александр Низов 2026 жылдың көктемінде «Машук» білім орталығы жүргізген зерттеу нәтижелерін де таныстырды.
Сауалнамаға қатысқандардың 77,9 пайызы жасанды интеллектінің тірі тәлімгерді алмастыра алмайтынын айтқан. Респонденттердің пікірінше, тәлімгерлік ең алдымен эмпатияға, жеке үлгіге және адам арасындағы сенімге негізделеді.
Ал қатысушылардың 21,3 пайызы ЖИ мен адамның бірлескен жұмысын қолдайды. Олардың көзқарасы бойынша жасанды интеллект көмекші қызмет атқарып, ал адам коммуникация мен қолдау мәселесіне жауап беруі тиіс.
Сауалнамаға қатысқандардың 1 пайызға жетпейтін бөлігі ғана жасанды интеллектті тірі тәлімгердің толыққанды баламасы ретінде қарастыратынын айтқан.
Айта кетейік, OpenAI Қазақстанның білім жүйесіне жасанды интеллект енгізуге атсалысады.