Сарапшы көмірдің Орталық Азия елдеріндегі ауа сапасына қалай әсер етіп отырғанын айтты

«Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстанда өнеркәсіп нысандары көбірек кездеседі. Атап айтқанда, бұл кәсіпорындар арасында ауаны ластау жағынан жылу электр орталықтары бірінші орында. Себебі, оларда негізінен көмір жағылады. Екінші орында тау-кен металлургия секторы тұр», - деді Л. Маликова.
Сонымен қатар, ол еліміздің солтүстік, орталық, шығыс өңірлеріндегі жеке тұрғын үйлердің басым бөлігінде көмір жағылатынын, осы орайда жеке сектор да ауа сапасына әсер етіп отырғанын айтты.
«Сондықтан, бұл өңірлерге газ тарту әрекеті іске асырылып жатыр. Қазір елордадағы жеке сектордың біразына газ қосылды. Бұл тұрғыда қаладағы түтін біртіндеп азайып келеді.
Тұрғындардың көбі ауаны негізінен автокөлік ластайды деген пікірде екенін анықтадық. Алайда, тиісті мәліметтерді салыстыра келе, атмосфераға шығарылған зиянды заттар бойынша көмір негізгі ластаушы болып тұр. Қазақстанда және Орталық Азиядағы басқа да елдерде жылу беру кезеңінде ауа сапасы нашарлайды», - деді Лаура Маликова.
Айта кетейік, Қазақстандағы электр энергиясының 70%-ы көмірден, 20%-ы газдан, 3%-ы жаңартылатын көздерден (ЖЭК), қалғаны – су көздерінен өндіріледі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Энергетика министрі Болат Ақшолақов шығыс өңірді газдандырудың 2 нұсқасын атады.