Сарайшықта археологиялық қазба жұмысы басталды

қазба жұмыстары
Фото: Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының екі ауданында археологиялық қазба жұмысы басталды. Оның бірі Қызылқоға ауданындағы Қарабау, екіншісі Махамбет ауданының Сарайшық ауылында жүріп жатыр.

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылған экспедиция Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылына келді. 

Экспедицияға тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов жетекшілік етеді. 

қазба
Фото: Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі

Музейдің ұсынған ақпаратына қарағанда, археологиялық қазба жұмысы биылғы жоспарға сәйкес қолға алынып отыр. 

қазба
Фото: Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі

«Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі маусым-тамыз айларында Қызылқоға ауданының Қарабау ауылы маңындағы ерте темір дәуірінің Қарабау-2 қорғанына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді. Аталған қорғанның диаметрі — 70 метр, ал, биіктігі — 300 сантиметр. Қарабау ауылынан солтүстік батысқа қарай 8,5 шақырым қашықтықта орналасқан бірнеше қорған бар», -деп хабарлады облыстық музейден. 

Ал, Сарайшық ауылдық округінің әкімі Жанат Кенжеғалиеваның айтуынша, су тасқыны кезінде археологиялық қазба орындарына зақым келмеген. 

қазба
Фото: Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі

«Қазір Жайық өзенінің жағасындағы тарихи орында қазба жұмысы басталды. Археологиялық жұмысын жүргізуді „Сарайшық“ мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК-дан 3 археолог, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен 18 студент, Батыс Қазақстан облысындағы университеттен 22 студент қолға алды. Қазба жұмысы шілде айына дейін жалғасады», -дейді Жанат Кенжеғалиева.

қазба
Фото: Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Жайық өзенінен ортағасырлық Сарайшық қалашығына қатер төнбейтінін хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар