Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда сарлық сүті сатылымға шығуы мүмкін

ҚЫТАЙ. ГАНЬНАНЬ-ТИБЕТ. KAZINFORM — Тибет үстіртінің етегіндегі Ганьнань өңірінде сарлық — жай ғана төрт түлік емес, мыңдаған отбасының күнкөріс көзі. Ал оның сүтінен өндірілетін өнімдер бүгінде Еуропа, АҚШ және Таяу Шығыс елдерінің нарығына жөнелтіледі. Енді бұл тізімге Қазақстан да қосылуы мүмкін. Қытайдың Gansu Hualing компаниясы еліміздің нарығына шығу мүмкіндігін қарастырып, қазақстандық серіктестермен ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін айтып отыр. 

Сарлық сүтін өндіретін қытайлық компания Қазақстан нарығына келуі мүмкін
Фото: Kazinform

Кедейлікті азайтқан жоба

Теңіз деңгейінен 3 мың метр биіктікте орналасқан бұл кәсіпорынның жетістігі өндірген өнім көлемімен емес, қанша отбасының тұрмысын жақсартқанымен бағаланады.

Сарлық сүтін өндіретін қытайлық компания Қазақстан нарығына келуі мүмкін
Фото: Gansu Hualing компаниясы

— Біздің кәсіпорын бастапқыда-ақ кедейлікті азайтуға бағытталған мемлекеттік бастама ретінде құрылды. Негізгі мақсат — малшылардың табысын арттыру еді. Алғашқы кезде шикізатты бір келісі үшін небәрі 1,2 юаньнан сатып алатынбыз. Бүгінде оның бағасы 66 юаньға жетті. Жергілікті шикізаттың құны шамамен 55 есе өсті, — дейді «Gansu Hualing» АҚ бас директоры Ма Цзысюэ.

Бүгінде компанияның өндірістік жүйесі 147 мың фермер мен мал шаруашылығын қамтиды. Соның арқасында 670 мыңға жуық адамның тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасалған. Компания шикізатты сатып алады, кооперативтермен жұмыс істейді, өнімді өңдейді және халықаралық нарыққа шығарады. Елу мыңнан астам адам тұрғылықты жеріне жақын маңда жұмыспен қамтылған.

Сарлық сүтін өндіретін қытайлық компания Қазақстан нарығына келуі мүмкін
Фото: Gansu Hualing компаниясы

Мұндай тәжірибе халықаралық ұйымдардың да назарын аударған. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) компания қалыптастырған модельді кедейлікті азайтудың әлемдегі үздік тәжірибелерінің бірі деп таныған.

Компанияның мәліметінше, бағдарламаға қатысатын шаруашылықтарға жыл сайын 8 пайыздық табысқа кепілдік беріледі. Ал Қытайдағы бес Тибет автономиялық өңірінде малшылардың орташа табысының 42 пайызы дәл осы кәсіпорынға өткізілетін шикізаттан түседі.

Сарлық сүтін өндіретін қытайлық компания Қазақстан нарығына келуі мүмкін
Фото: Gansu Hualing компаниясы

Бизон сүті несімен ерекше

Сарлық сүті соңғы жылдары әлемде жоғары бағаланатын табиғи өнімдердің қатарына қосылып келеді. Мамандар оның тағамдық құндылығы кәдімгі сиыр сүтінен әлдеқайда жоғары екенін, құрамында ақуыз бен жалпы құрғақ заттар көбірек екенін айтады.

— Сарлық сүті қанықпаған май қышқылдарына бай және адам ағзасының иммунитетін күшейтетін иммуноглобулиндер көп. Ал мұндай пайдалы компоненттер сиыр сүтінде өте аз немесе мүлде кездеспейді. Тағы бір маңызды ерекшелігі — бизондар тек табиғи жайылымдарда бағылады. Сондықтан сүттің құрамында тыңайтқыштар мен пестицидтердің қалдықтары сияқты химиялық заттар іс жүзінде болмайды. Соның арқасында сүттің қауіпсіздік көрсеткіштері өте жоғары, — дейді «Gansu Hualing» АҚ техникалық орталығының басшысы Сун Ли.

Компания бүгінде сарлық сүтінен 50-ден астам өнім шығарады. Олардың қатарында құрғақ сүт, казеин және нәрестелер тағамына арналған ингредиенттер бар. Өнімдердің барлығы халықаралық сапа талаптарына сәйкес сертификатталған.

Сарлық сүтін өндіретін қытайлық компания Қазақстан нарығына келуі мүмкін
Фото: Gansu Hualing компаниясы

Қазақстанмен байланыс нығая ма

Gansu Hualing үшін Қазақстан бейтаныс нарық емес. Мал шаруашылығы бағытында екі ел арасында ғылыми ынтымақтастық қалыптасқан.

— Жыл сайын бізге Қазақстаннан мал шаруашылығы саласын зерттейтін профессорлар мен ғалымдар келеді. Олар ғылыми конференциялар мен бірлескен зерттеу жобалары аясында тұрақты жұмыс жүргізеді, — деді Сун Ли.

Бұдан бөлек, компания Қазақстаннан сүт майын да сатып алады. Ол Шыңжаңдағы өндірістік алаң арқылы жеткізіледі. Ендігі кезекте қытайлық кәсіпорын Қазақстанға дайын өнім экспорттау мүмкіндігін қарастырып отыр.

— Қазіргі уақытта өнімдеріміз Қазақстанға экспортталмайды. Дегенмен біз бұл мүмкіндікті қарастырып жатырмыз. Компанияның өнімдерін шетел нарықтарына ілгерілету стратегиясы бар, сондықтан мұндай жоспарлар болашақта жүзеге асуы мүмкін. Біз Моңғолия мен Қазақстаннан сүт майын (сарымай шикізатын) импорттаймыз. Бұл екі елге жақын орналасқан Шыңжаңдағы зауытымыз арқылы жүзеге асырылады, — деді Сун Ли.

Сарлық сүтін өндіретін қытайлық компания Қазақстан нарығына келуі мүмкін
Фото: Gansu Hualing компаниясы

1994 жылы құрылған Hualing бүгінде Қытайдағы сарлық сүтін өңдейтін жетекші кәсіпорындардың біріне айналған. Осы уақыт ішінде компания биік таулы өңірлерден шикізат сатып алуға 15 миллиард юань қаржы салды. Шикізат жеткізу жүйесі Ганьсу, Цинхай, Сычуань, Тибет автономиялық ауданы және Юньнань провинцияларындағы тибет өңірлерін қамтиды. Соның нәтижесінде 145 мың фермерлік шаруашылықтың, яғни 730 мыңнан астам адамның табысы тұрақты өсті.

Сарлық сүтін өндіретін қытайлық компания Қазақстан нарығына келуі мүмкін
Фото: Gansu Hualing компаниясы
Сарлық сүтін өндіретін қытайлық компания Қазақстан нарығына келуі мүмкін
Фото: Gansu Hualing компаниясы
Сарлық сүтін өндіретін қытайлық компания Қазақстан нарығына келуі мүмкін
Фото: Gansu Hualing компаниясы

«Хуалиннің» өндірісті ұйымдастыру тәжірибесі Қытайдың жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізіліп, ауыл шаруашылығын дамыту, экологияны сақтау және халықтың әл-ауқатын арттыруды ұштастырған тиімді модель ретінде бағаланып отыр. Компанияның Қазақстан нарығына шығу жоспары жүзеге асса, қазақстандық тұтынушылар сарлық сүті өнімдермен қатар, биік таулы өңірдегі өндірістік тәжірибемен де жақынырақ таныса алады.

Сарлық сүтін өндіретін қытайлық компания Қазақстан нарығына келуі мүмкін
Фото: Gansu Hualing компаниясы

Бұған дейін Kazinform тілшісі Ганьнань-Тибет автономиялық округінің туристік әлеуетіне шолу ұсынған еді.