Сарыағаш тұрғыны қызын 17 жігіт жабылып зорлағанын айтып арызданды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны жас қызын 17 ер адамның зорлағанын айтып шағым түсірген. Оқиғаның мән-жайын Түркістан облыстық полиция департаменті түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сарыағаш тұрғыны қызын 17 жігіт жабылып зорлағанын айтып арызданды

«Әлеуметтік желіде Сарыағаш ауданында қызды зорлаған 17 ер адам туралы ақпарат тарап жатыр. Осыған байланысты айтарымыз - биыл 25 мамырда полицияға Сарыағаш ауданының тұрғыны арызданған. Онда әйел өзінің 17 жасар қызын ұрлап кеткенін хабарлаған. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабына сай «Адам ұрлау» фактісі ретінде тіркелді», - делінген хабарламада.

Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары 2004 жылы туған қыздың жұмысқа кетіп, содан әрі қарай жоғалғанын анықтаған.

«Осыған байланысты полиция барлық қажетті жедел-іздестіру шараларын жүргізді, нәтижесінде ол бір тәулік ішінде табылып, ата-анасына қайтарылды. Бір аптадан кейін, яғни 31 мамырда әйел полицияға ұрлау дерегі бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы нотариалды куәландырылған өтінішпен жүгінді», - делінген хабарламада.

Ресми ақпаратта айтылғандай, араға аз уақыт салып 10 маусымда ауыл тұрғыны қайтадан полицияға жүгініпті.

Бұл жолы қызын 17 ер адам зорлады деп арызданған.

«Арыз ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-бөлігі бойынша тіркеліп, сараптама тағайындалды. Сот-медициналық сараптама қызметкерлері зорлық-зомбылық дерегін жоққа шығарды. Сондай-ақ жәбірленушінің анасы қызының киімдерін өртеп жібергені анықталды. Осыған байланысты сарапшылар экспертиза жүргізе алмады», - делінді ведомстводан.

Сонымен қатар бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқандығы айтылды.

«Сараптамалар кешені тағайындалды. Оның нәтижесі бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады», - дейді департаменттен.