Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сарыағаштағы Ескі қорған елді мекеніне табиғи газ жеткізілді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округіндегі Ескі қорған елді мекеніне табиғи газ келді, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сарыағаштағы Ескі қорған елді мекеніне табиғи газ жеткізілді

 Елді мекен тұрғындары көгілдір отынды күткелі көп болған, енді ауыл тұрғындары ұзақ жылдық бейнеттен құтылды. Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компанияның кемшіліктерінен Ескіқорған ауылына газ берілмей келген болатын. Тəуелсіздік күні мерекесінің 25 жылдығы қарсаңында ауыл тұрғындары табиғи газдың жеткеніне қатты қуанып отыр. Аудан әкімі Қайрат Әбдуалиев халықты осынау ерекше күнмен құттықтап,  бұл - тәуелсіздіктің тұғырлы жемісі екенін, қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізген соңғы 25 жылда халықтың әл-ауқаты жақсарғанын атап өтті. Еліміздің ең шалғай ауылдарына деуір көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау - Елбасымыздың бастамасы екенін нақтылап айтты. 2013 жылы жүргізілген газ құбырына үш жылдан бері газдың тарту қысымы жетпей қалған болатын. Бұл шаруа қайта қолға алынып, тиісті мекемелерге айыппұлдар салынған еді. Осының нәтижесінде 220 үйге көгілдір отын жеткізілді. Аудан басшысы Ақтөбе ауылдық округін аралау барысында шекара бойындағы елді мекендерге де ат басын бұрып, тыныс-тіршіліктерімен танысты.