Сәтті кадр үшін төрт сағат: петропавлдық фотограф 20 жыл бойы құстарды суретке түсіріп келеді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Табиғатты тамашалау үшін міндетті түрде алысқа барудың қажеті жоқ. Сұлулық — қасымызда. Көз тоқтатып, құлақ түрсек қалалық саябақтан ақ құстардың сызылта салған әнін естуге болады. Ал петропавлдық Андрей Красников өз фотообъективі арқылы көпшілікке Солтүстік Қазақстан облысының бай құс әлемін танытып жүр.
— Андрей, алдымен өзіңізді таныстырып кетсеңіз. Табиғатқа деген қызығушылық неден басталды?
— Менің бар өмірім Петропавлмен байланысты. № 21 орта мектепте оқыдым. Құстарға деген қызығушылығым балалық шақта басталды. Әкем екеуіміз жазда велосипедпен қаладан Бескөл ауылындағы туыстарымызға жиі баратынбыз. Сондай сапарларда жолда жиі тоқтап, даладан құстарды бақылаушы едік. Әкем табиғатты жақсы көретін.
Үйде кеңестік кезеңнен қалған құстар туралы ескі кітап болатын. Оның суреттерін сағаттап қарап шығатынмын. Одан бөлек, «Жануарлар әлемінде» бағдарламасын ерекше жақсы көрдім. Кусто командасының фильмдерін де қызығып көретінмін. Мұның бәрі менің дүниетанымымның қалыптасуына әсер етті.
2005 жылы мен Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне «Биология» мамандығына оқуға түстім. Кейін сол жерде магистратурада білім алдым. Университетте өзім сияқты табиғатты сүйетін адамдармен таныстым. Бірге қала сыртына шығып, құстарды бақылауды бастадық. 2007 жылы Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының бастамасымен университетте бёрдвочерлер клубы ашылды. Сол кезден бастап қызығушылығым одан әрі күшейді.
Қазір СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында жұмыс істеймін. Сондықтан кәсіби қызметім мен хоббиім бір-бірімен тығыз байланысты.
— Құстарды бақылау бір басқа да, әдемі сәтті қалт жібермей фотоға түсіріп алу мүлдем бөлек өнер. Фотограф ретінде қалыптасуыңызға не әсер етті?
— Фотоөнерді арнайы оқулықтарға үңіліп, оқып, меңгерген жоқпын. Дегенмен бұл салада үздік туындыларды көре жүріп, сол арқылы өзімді-өзім үздіксіз дамытып келемін. Сондай-ақ бұл жолда ұстазым әрі досым Станислав Губиннің ықпалы зор болды.
Instagram әлеуметтік желісінде туындылары маған ерекше шабыт сыйлайтын нағыз майталмандарға жазылғанмын. Олар: Даниил Коржонов, Дмитрий Доценко, Вадим Махоров, Сергей Горшков және Оливье Ларрей. Бұл шеберлердің әрқайсысынан жарықпен жұмыс істеуді, композиция құруды және ең бастысы — төзімділікті үйренуге болады. Қызығушылық танытқандарға YouTube платформасынан «Остров Врангеля. Замороженный рай» («Врангель аралы. Тоң басқан жұмақ») атты шағын деректі фильмді көруге кеңес берер едім. Онда Сергей Горшковтың жабайы табиғатты таспалау үшін қаншалықты орасан зор еңбек сіңіретіні өте керемет көрсетілген.
— Неге құстарды суретке түсіресіз?
— Шын мәнінде, құстарды суретке түсіру сүтқоректілерге қарағанда оңайырақ. Құстар көп, оларды жиі кездестіруге болады. Ал түлкі сияқты жануарлар кадрға іліне бермейді, өте сақ. Егер маған фотоға түсіруге құсты немесе түлкіні таңда десе, түлкіні таңдар едім. Өйткені ол сирек кездеседі, оны іздеп табу әрі түсіру қиын. Ал қиындықтың өзі адамның шабытын оятып, құштарлық береді.
— Құстарды түсіретін фотограф жұмысының ерекшелігі неде?
— Мен үшін бұл жұмыс емес. Ең алдымен — сүйікті хоббиім әрі табиғатқа жай ғана бой сергітуге шыққаннан әлдеқайда жақын болу мүмкіндігі. Фотографта аңшы сияқты ғой. «Аңшылықтың» форматын көңіл-күйіме қарай таңдаймын. Егер бір орында ұзақ отырғым келмесе, фотоаппаратымды аламын да, қалалық саябаққа қарай тартамын.
Жол-жөнекей көзіме түскеннің бәрін түсіремін, бірақ көбіне сәтсіз шығады, өйткені құстар өте сақ келеді. Ал егер табиғатпен тұтасып, толық оңаша қалғым келсе — су қоймасының жағасына елеусіз етіп күрке құрып аламын. Сөйтіп, айналаны тамашалап, үш-төрт сағат тапжылмай жатамын. Осындай сәттерде өзің де айналадағы пейзаждың бір бөлшегіне айналып кетесің. Құстар сенің бар екеніңді ұмытып, табиғи қалпында әрекет ете бастайды. Ең қызығы да осы.
— Солтүстік Қазақстан облысының құстар әлемі несімен ерекшеленеді?
— Біздің облыстың табиғаты өте алуан. Дала, орман, егістік, шалғын, көлдер бар. Сондықтан құстардың түрі де көп. Өңірдің оңтүстігінде безгелдектерді кездестіруге болады, солтүстігінде құрлар жиі ұшырасады, батысында қорым бүркіті бар. Шығысында тырнаның тобын тамашалауға болады.
Қызыл кітапқа енген бұйра бірқазаннан бастап Еуразиядағы ең кішкентай құстардың бірі — сары үрпек шымшыққа дейін бар. Біздің өңірдің басты ерекшеліктерінің бірі — географиялық орналасуы. Солтүстік Қазақстан арқылы құстардың көктемгі және күзгі көші-қон жолдары өтеді. Сондықтан құс бақылауға қызығатын адам үшін мұнда мүмкіндік өте көп.
— Сіздің ерекше ұнататын құстарыңыз бар ма?
— Жоқ, сүйікті құсым бар деп бөліп-жарып айта алмаймын. Мен үшін әлі суретке түсіре алмаған немесе дәл өзім қалағандай жоғары сапада таспалаудың сәті түспеген құс түрлерінің бәрі қызық.
— Табиғатты сүйетін және құстарды бақылағысы келетін жандарға қай жерге баруға кеңес берер едіңіз?
— Алысқа барудың қажеті жоқ. Петропавлдағы қалалық саябақтың өзінен бастауға болады. Жылдың кез келген уақытында онда түрлі құстарды кездестіруге болады. Үлкен сарышымшықтан бастап қырғиға дейін көруге мүмкіндік бар. Ең бастысы — асықпау және мұқият болу. Кейде адамдардың жанынан құс ұшып өтеді, бірақ оған ешкім мән бермейді. Табиғатты көру үшін алдымен оған назар аудару керек.
— Сіз құстарды көп жыл бойы бақылап келесіз. Өзіндік бір философияңыз бар ма — құстардан адам баласы не нәрсені үйрене алады?
— Менің бір ерекше кадрым бар. Онда жалғыз кішкентай ғана балшықшы құс толқыған көлдің бетімен ұшып бара жатыр. Алда оны не күтіп тұр? Оны өзі де білмейді. Ең бастысы — қанатында күші болып, жемтік таба алса болғаны. Оған қарап отырып: «Осы біздің, адамдардың, одан неміз артық?» деген ойға шомасың.
Көбіміз осылай өмір сүреміз ғой — ертеңгі күнге аман-есен жету, базалық қажеттіліктерді өтеу, өзінің «мазасыз көлінде» жан бағып аман қалу. Бірақ адам баласының тоқтай білу және айналаға қарап, осы кішкентай әлемнің сұлулығын байқай алатын қасиеті бар. Күнделікті күйбең тіршілікте байқамай өтетін ұсақ дүниелер өте көп. Меніңше, құстардың адамға үйрететін ең басты нәрсесі — осы сәтте өмір сүре білу. Яғни, құстар бізге жай ғана өмір сүруді үйретеді.
— Өзіңіз суретке түсіретін құстарды зерттейсіз бе? Олар туралы қызықты деректер айтып берсеңіз. Мүмкін сізді қатты таңғалдырған бір жайт болған шығар?
— Біз кейде құстарды тек инстинктпен өмір сүретін тіршілік иесі ретінде қабылдаймыз. Бірақ олардың мінез-құлқын бақылай бастағанда, олардың қаншалықты зерек екенін көресің. Кейбір әрекеттерінен эмоцияны да байқауға болады. Бірде ұядағы балапандарын қорғау үшін сауысқандар әдейі бұтақты сындырып, маған қарай лақтыра бастады. Сол жолы қатты таңғалдым бұл құстардың тапқырлығына.
— Қазір фотоға түсіру үшін қандай техника қолданасыз?
— Nikon D750 толық кадрлы камерасымен және Nikon AF-S 200-500mm f/5.6 телеобъективімен түсіремін. Оған дейін 2014 жылдан бері Nikon D3200 фотоаппаратымен жұмыс істедім. Ол аса қымбат техника емес, бірақ соның көмегімен талай жақсы кадр түсірдім.
— Жұмыстарыңызды қайдан көруге болады?
— Қазір жұмыстарымды негізінен Instagram парақшамда жариялаймын. Суреттің астына құс туралы құрғақ ғылыми дерек жазғаннан гөрі, сол кадрдың тарихын, оны түсірген кездегі өз әсерімді жазуға тырысамын. Өйткені оқырманға нақты бір суреттің артындағы оқиға қызығырақ деп ойлаймын.
Бұған дейін достарыммен бірге бірнеше көрме өткіздік. Жеке көрме ұйымдастыру жоспарда бар. Бірақ оған белгілі бір қаражат қажет.
— Табиғатты түсіргісі келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
— Бірден қымбат техника сатып алуға асықпаңыздар. Қолданыста болған техникамен де бастауға болады. Менің қазіргі объективім де қолданыста болған. Оны National Geographic Qazaqstan фотографы Ерболат Шадраховтан сатып алдым.
Сондықтан техниканың жаңа немесе ескі болуы аса маңызды емес. Кейде оның тарихы маңыздырақ. Фотоаппарат — тек құрал. Ең маңыздысы — қай сәтте түсіру керегін сезіну, көре білу және сол сәтті күту.
Ал табиғатта жақсы кадр жасау үшін асықпау керек. Құс сізді күтіп тұрмайды, оның өз өмірі бар. Сіз сол өмірдің бір ғана сәтін байқап, кадрға түсіріп үлгеруіңіз керек. Әлемнің әдемілігін көру үшін кейде жай ғана тоқтап, қарау жеткілікті.