Сауд Арабиясы Газадан палестиналықтарды ығыстыру әрекетінен бас тартады

АСТАНА. KAZINFORM – Эр-Рияд Палестина мемлекеті құрылмай Израильмен қатынас орнатпайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Сауд Арабиясы Газадан палестиналықтарды ығыстыру әрекетінен бас тартады
Фото: x.com / @KSAmofaEN

Сауд Арабиясы Газа секторынан палестиналықтарды ығыстыруға бағытталған кез келген әрекеттен бас тартатынын атап өтіп, Палестина мемлекеті құрылмай Израильмен қатынас орнатпайтынын ашық білдірді.

Мұндай мәлімдеме сейсенбі күні, АҚШ президенті Дональд Трамп Құрама Штаттар Газа секторын бақылауға алатынын және палестиналықтарды басқа орынға қоныстандыратынын айтқаннан кейін жасалды. Америка басшысы аталған мәлімдемені бұл күндері АҚШ-та сапармен жүрген Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесуден кейін Ақ үйде өткен баспасөз мәслихаты барысында жасады. 

— Трамп Сауд Арабиясы Израильмен қатынасын қалыпқа келтіру үшін алдын ала шарт ретінде Палестина мемлекетін құруды талап етпейді деп мәлімдеді. Алайда, Эр-Рияд жария мәлімдемелерінде ұстанымын нақты білдіріп келеді, — деп жазады The Times of Israel.

АҚШ президенті Дональд Трамппен бірлескен баспасөз мәслихаты барысында премьер-министр Нетаньяху өзінің пайымынша «Израиль мен Сауд Арабиясы арасында бейбітшілік орнауы мүмкін екенін» баса айтты. 

Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде Эр-Рияд астанасы Шығыс Иерусалим болатын тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылмай Израильмен дипломатиялық қатынас орнатылмайтыны айрықша атап өтілген. 

— Сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясының Палестина мемлекетін құруға қатысты ұстанымы нық әрі мызғымас екенін растайды. Аса мәртебелі тақ мұрагері және премьер-министр Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз әл-Сауд бұл ұстанымды қуаттады, - делінген ведомствоның мәлімдемесінде.

Корольдік мәлімдемесінде Сауд Арабиясының ұстанымы қайта қарауға немесе саяси саудаға салуға жатпайтыны ерекше аталып өтілген. Халықарылық қарарларға сәйкес Палестина халқының заңды құқықтары толық сақталмай әділ және ұзақмерзімді бейбітшілік мүмкін еместігі де айтылған. 

— Сауд Арабиясы бұл ұстанымды АҚШ-тың бұрынғы да, қазіргі де әкімшілігіне нақты жеткізді, - делінген мәлімдемеде. 

Бұған дейін оқырман назарына шығыстанушы шығыстанушы Жанат Момынқұловтың Трамптың Газа секторына қатысты мәлімдемесіне орай берген сұхбатын ұсынған едік.

Соңғы жаңалықтар