Қоқан-лоқы әлде карта ашылды ма – шығыстанушы Трамптың Газа секторына қатысты мәлімдемесі жайында

АСТАНА. KAZINFORM – Сарапшылар қоғамдастығы АҚШ Президентінің Вашингтонның Газа секторын бақылауына алу ниеті жайлы тосын мәлімдесін белсенді түрде талқыға салып жатыр. Осы жайтқа орай Kazinform шығыстанушы Жанат Момынқұловқа бірнеше сауал жолдаған еді.

Қоқан-лоқы әлде карта ашылды ма – шығыстанушы Трамптың Газа секторына қатысты мәлімдемесі жайында
Фото: Жанат Момынқұловтың жеке мұрағатынан

- АҚШ Президенті Дональд Трамптың Вашингтон Газа секторын бақылауына алады деген мәлімдемесінен кейін Таяу Шығыстағы ахуал таяу келешекте қалай құбылуы мүмкін? Араб әлемінен өткір реакция күтуге бола ма?

- Трамптың Газа секторын бақылауға алу туралы арандатушылық әрі тосын мәлімдемесі араб елдерін састырып қойды. Палестиндіктердің кез келген болжалды қоныс аударуы палестиндіктер үшін де, араб елдері үшін де барынша нәзік мәселе. Бұл мәлімдеме израильдік-палестиндік жанжалға қатысты АҚШ-тың ұзаққа созылған саясатына қайшы болуы тиіс еді. Аталған мәлімдемені Газа секторы тұрғындарын мысырлық Синай мен Иорданияға қоныс аудару арқылы Палестина мемлекеті жобасын жоюдың кезекті тарауы ретінде қарастыруға болады. Сонымен қатар мұндай арандатушылықты Трамптың Панаманы қайтару және Канаданы қосу туралы өзге де мәлімдемелері аясында оның кезекті бопсалауы десек те артық айтқандық емес. Сарапшылар «бұл Вашигтон тарапынан не қоқан-лоқы, не картаның ашылуы болды ма» деп айтысып-тартысып жатыр.

- Егер Трамп мәлімдемесі көпірме сөз болмай шықса, онда АҚШ халықаралық құқық тұрғысынан өзінің іс жүзіндегі әрекетін қалай дәлелдемек?

- Газа тұрғындарын мәжбүрлі түрде қоныс аудару халықаралық құқықты бұзатындығы асыра айтқандық емес және де тек өңірде ғана емес, сонымен бірге Вашингтонның кейбір қатыстық одақтастарының тарапынан да табыл қарсылық тудыруы ықтимал. Жыл бойы Израиль Газа аймағын «тазартып», адамсыз, қаңыратып тастады. Хамас «бұл туған жерлерінде қуғын-сүргінге ұшырату, өңірде хаос пен шиеленіс жасауға әрекеттену» деп мәлімдеді. ХАМАС АҚШ-тың өңірдегі басты рөлін ескере отырып, онымен байланысқа дайын екендіктерін алға тартып отыр. Алайда, АҚШ-тың өңірде түпкілікті түсініксіздеу ұзақмерзімді мүддесі бар. АҚШ үшін Газа мүмкін «Қытайдың болуына қарсы салмақты географиялық сегмент» ретінде қажет шығар. Нетаньяху «Трамппен мұнан ары да өңір қартасын қайта құруға», «географиясын кеңейтіп, күш-қуат арқылы қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайтуға» ниетті.

- Аталған мәлімдеме аясында Сауд Арабия Сыртқы істер министрлігі тәуелсіз Палестина мемлекеті құрылмайынша Израильмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатпайтындығын мәлімдеді. Мұнан ары не болмақ?

- Сөз Сауд Арабиясының Таяу Шығыстағы саясаты турасында болған кезде Трамп үшін де, Израиль үшін де бәс өте жоғары. Сауд Арабиясымен байланыс орнату Израиль үшін үлкен пайда болар еді. Өйткені, корольдіктің Таяу Шығыста, жалпы мұсылман әлемінде мол ықпалы бар және әлемдегі ірі мұнай экспорттаушы саналады. Трамп ұзақмерзімді келешекте израильдік-саудиялық қарым-қатынасты қалыпқа келтіру туралы келісімге қол жеткізу бойынша күш-жігердің жандануына үміт артады. АҚШ-тың Сауд Арабиясына қысым жасайтындай тетігі бар. Келісімнің табысты жүзеге асырылуы бәлкім Трампты бейбітшілік саласында Нобель сыйлығына дәмелендіреді. Осы уақытқа дейін саудиялықтар Трамптың Сауд Арабиясы Палестина мемлекеті идеясынан бас тартады деген мәлімдемесін терістеп келеді.

- Палестиндіктерді күштеп қоныс аудару нұсқасы қаншалықты шындыққа жанасады?

- Трамп қоныс аудару процесі қалай жүзеге асырылатындығына қатысты егжей-тегжейлі ештеңе ұсынған жоқ. Дегенмен, онымен ұсынысы Израильдің асыра оңшылдардың қалауына сай келеді және өзінің ізашары Джо Байденнің палестиндіктердің жаппай қоныс аударуға жол бермеу міндеттемесіне қайшы келеді. Сауд Арабиясы палестиндіктерді өздерінің атамекенінен ығыстырып шығуға бағытталған кез келген әрекетке қарсылық танытып жатыр және Палестина мемлекеті құрылмайынша Израильмен қарым-қатынас орнатуға дайын емес.

АҚШ жария еткен Таяу Шығысты қайта құру бағдарламасы барлық уақытта және барлық жағынан Израильдің күткеніндей жауап бермейді. Өйткені, қазіргі уақытта Нетаньяху емес үлкен Таяу Шығыс қожайындарының біріне айналған Трамп ең мықты тұлға саналады. Бірақ, Газаның болашағына қатысты нақты дайындығы жоқ Трамп пікірталас тудыруға, әлемдік қоғамдастықтың назарын өзге де проблемаға аударуға тырысады. Кейбір израильдік саясаткердің пайымынша, Мысыр мен Иорданияда миллионнан астам палестиндік босқын Израильмен бейбіт келісімге және екі елдің де үкіметінің тұрақтылығына қатер төндіреді. Бұл жайт сүнниттік араб күштері мен Израиль арасындағы орынды өңірлік альянс құру мүмкіндігін алшақтата түседі.

Соңғы жаңалықтар