Сауд Арабиясы қажылық кезінде ақылды технологиялар енгізді

АСТАНА. KAZINFORM – Корольдіктің мемлекеттік құрылымдары қажылардың қауіпсіз және жайлы жүруін қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект, деректерді талдау және заманауи технологияларды пайдаланып жатыр, деп хабарлайды Saudi Press Agency. 

қажылық
Фото: SPA

Сауд Арабиясына кіру орындары — әуежайлар, теңіз порттары және құрлық шекараларында 136-дан астам тілді қолдайтын лезде аударма жүйелері енгізілді. Бұл қажыларға шекара процедураларын жеделдетуге, жол табуға және ел бойынша қозғалуға көмектеседі.

Қасиетті жерлерде адамдар мен көліктердің қозғалысын үйлестіру үшін ақылды технологиялар пайдаланылады. Нақты уақыт режиміндегі деректерді бақылау және деректерді талдау жүйелері қажылар көп шоғырланған орындарда жағдайды жылдам бақылауға және қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау жүйесінде дәрігерлерге пациенттер туралы ақпаратқа жылдам қол жеткізу, онлайн консультациялар жүргізу және дәрі-дәрмектерді беруді бақылауды қамтамасыз ету үшін цифрлық қызметтерді белсенді түрде пайдаланып жатыр. Жасанды интеллект технологиялары адамдағы ауру белгілерін талдау және алдын ала диагностика жүргізу үшін де қолданылады.

Nusuk қосымшасы қажылар үшін негізгі цифрлық құралдардың біріне айналды. Ол интерактивті карталар мен навигациядан бастап көлік және құрбандық ұйымдастыруға дейін 130-дан астам қызметті біріктіреді. Қазіргі уақытта қосымшаның бүкіл әлем бойынша 51 млн-нан астам пайдаланушысы бар.

Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін арнайы цифрлық қызметтер, соның ішінде сурдоаударма және визуалды қолдау құралдары қолжетімді.

Осыған дейін Сауд Арабиясы қажылық маусымы кезінде экологиялық жүктемені азайту шараларын күшейтіп жатқанын жаздық. 

Айта кетейік, биыл 4000 отандасымыз қажылық парызын өтейді.