Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сауд Арабиясына қоныс аударған ақтөбелік терроризмді насихаттағаны үшін айыпталып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ол биыл елге экстрадицияланды. Ал қылмыстық істің қозғалғанына 7 жылға жуық уақыт болды.

сот
Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе қалалық сотында 51 жастағы ақтөбелікке қатысты іс қаралып жатыр. Оған Қылмыстық кодекстің «Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру» бабы бойынша айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, сотталушы 2008 жылы Алматы қаласы арқылы Сауд Арабиясына қоныс аударып, Мәдинада тұрған. Сол жақта жүріп Telegram арқылы таныстарына терроризмді насихаттайтын мәтін жіберген. Сот отырысы кезінде прокурор бірнеше сараптама тағайындалғанын, қорытындысында мәтінде терроризмді насихаттау белгілері бар екенін атап өтті.

- Мен Сауд Арабиясына әйеліммен және үш баламмен бардым. Ислам дінін қабылдаған соң білімімді тереңдеткім келді. Онда 2008 жылдан бастап 2026 жылға дейін сонда тұрдым. Хабарлама жіберген адамдардың бірі 2018 жылы Мәдина қаласына келіп, оқуға түсті. Содан танимын. Екінші адаммен Ақтөбедегі мешітте танысқан едім. Ал үшінші адам есімде жоқ. Қазіргі уақытта өзімнің қателескенімді түсіндім, өкінемін. Терроризмді насихаттайтын мәтін екенін білмедім,- деді сотталушы.

Сот отырысы кезінде сотталушының ұялы телефонға сақтаған видеолары көрсетілді. Онда қарулы қақтығыстар жайлы бейнематериал бар.

Айта кетейік, сотталушыға 2019 жылдан бастап іздеу жарияланды. Кейін Интерпол арқылы халықаралық іздеу басталды. Жыл сайын істі тергеу уақыты созылып, кейде уақытша тоқтатылды. Биыл ұсталып, Қазақстанға, оның ішінде Ақтөбе өңіріне экстрадицияланды. Сотталушының қорғаушысы процестік келісімге келуді сұрап отыр.

Еске салсақ, биыл домбыраны харам деген ақтөбелік бас бостандығынан айырылды.