Сауд Арабиясындағы мұнай құбырының тоқтауы әлемдік мұнай көлемінің 4%-ына қауіп төндірді


АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясындағы маңызды экспорттық бағыттардың бірінің зақымдануы әлемдік мұнай нарығындағы ахуалды ушықтыруы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform тілшісі. 

Сауд Арабиясындағы мұнай құбырының тоқтауы әлемдік мұнай көлемінің 4%-ына қауіп төндірді
Фото: Saudi Aramco

Сауд Арабиясы «Шығыс — Батыс» мұнай құбырын жақын күндері іске қоспаса, Қызыл теңіз порттарындағы мұнай қоры таусылудың алдында тұр.

Reuters агенттігі саудиялық мұнайды сатып алушылар мен нарық қатысушыларының мәліметіне сүйене отырып, бұл жағдай әлемдік мұнай көлемінің шамамен 4%-ға қысқаруына әкелуі мүмкін екенін хабарлайды.

11 қыркүйекте дрондардың соққысынан кейін мұнай құбырының жұмысы тоқтатылды.

Сауд Арабиясының Энергетика министрлігі құбыр арқылы мұнай тасымалдауды тоқтату туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Бұл қадам Ирак тарапынан Эр-Рияд пен Медина провинцияларындағы нысандарға жасалған дрон шабуылдарынан кейін қауіпсіздік мақсатында жүзеге асырылған.

Сауд Арабиясы билігі залал көлемі мен мұнай тасымалының қашан қалпына келетінін әзірге нақтылаған жоқ. Reuters-ке пікір білдірген дереккөздердің бірі жөндеуге 5-6 апта қажет екенін айтты. Ал агенттіктің тағы бір дереккөзі мұнай құбыры жөндеу аяқталмай тұрып, ішінара іске қосылуы мүмкін екенін жеткізді.

Ұзындығы шамамен 1200 шақырым болатын «Шығыс — Батыс» мұнай құбыры Сауд Арабиясының шығысындағы кен орындарын Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу портымен жалғайды. Оның тәулігіне шамамен 7 млн баррель мұнай өткізуге қауқары бар. Соңғы айларда құбыр арқылы тәулігіне 4-5 млн баррель мұнай тасымалданып, жеткізілімдер Ормуз бұғазын айналып өтетін бағытқа қайта бұрылды. Бұл — әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 4%-ына тең.

Иранмен болған соғыстың салдарынан мұнай жеткізілімі үзілген кезде, бұл құбыр тасымалды тұрақтандыруда маңызды рөл атқарды.
Reuters келтірген үш дереккөздің мәліметінше, Янбу портындағы мұнай қоры экспортты 5-7 күн бойы ұстап тұруға жетеді. Сауд Арабиясы бұдан бөлек, Мысырдың Айн-Сохна мен Сиди-Керир порттарындағы қорды пайдаланып, сатып алушыларға бірнеше күн мұнай жеткізе алады.

Сауд Арабиясының Янбу портындағы мұнай қоймалары шамамен 35 млн баррельге, Айн-Сохнадағылары 18 млн баррельге, ал Сиди-Керирдегі қоймалар 20 млн баррельге есептелген. Алайда қоймалар толық толтырылмаған. Сондықтан мұнай құбырының жұмысы қалпына келмесе, экспортқа қолжетімді қор көп ұзамай таусылады.

Халықаралық энергетика агенттігінің дерегінше, тамызда Сауд Арабиясы мұнайының экспорты 30 жылдан астам уақыттағы ең төмен көрсеткішке жетті. Бұған Ормуз бұғазы мен Қызыл теңіз арқылы тасымалдың азаюы әсер етті.

Сауд Арабиясы ОПЕК мүшелеріне мұнай өндірісінің күрт төмендегенін мәлімдеді. Ақпанда тәулігіне 10,9 млн баррель мұнай өндірілсе, тамызда бұл көрсеткіш 6,2 млн баррельге түскен.

Сауд Арабиясы мұнай экспортының одан әрі қысқаруы әлемдік нарықтағы тапшылықты күшейтуі мүмкін. Отын бағасының өсуі инфляцияны жеделдетіп, АҚШ мемлекеттік облигациялары бойынша табыстылықты 2008 жылғы қаржы дағдарысынан бергі ең жоғары деңгейге жеткізіп отыр.

Бұған дейін әлемдік мұнай бағасы қайтадан өскені хабарланған болатын.

Ақзат Жиеналина