Сауд Арабиясы корольдігі Ислам істері министрлігінің Ресей және ТМД елдері бойынша жауапты өкілімен кездесу өтеді

АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат - Ертең, маусымның 2-сі күні Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Сауд Арабиясы корольдігі Ислам істері министрлігінің Ресей және ТМД елдері бойынша жауапты өкілі, доктор Мәжид бин Абделазиз бин Насер әт-Түркимен кездесу өтеді.
None
None

Бұл туралы аталған білім ордасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Кездесу барысында мәртебелі мейман университет оқытушылары мен студенттері алдында дәріс оқып, Қазақстан мен Сауд Арабиясы корольдігі арасындағы саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік қарым-қатынастары туралы баяндама жасайды.

Мәжид әт-Түрки - Ислам университетінің түлегі. Уағыз-насихат және ақпарат колледжін «баспасөз және қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша бітірген. Ислам университетінде «журналистика» бойынша магистратура аяқтап, осы жоғары оқу орында кандидаттық, ал Мәскеу мемлекеттік университетінде докторлық диссертация қорғаған.

Ғалым жазған ғылыми шығармаларының ішінен «Нәзір Төреқұлов. Кеңес Одағының Сауд Арабиясы корольдігіндегі елшісі. Хаттар, күнделіктер және есептер» атты зерттеу еңбегін ерекше атап өткен жөн. Себебі бұл қазақтың тұңғыш дипломаты туралы баяндайтын кітап Қазақстан мен Сауд Арабиясы корольдігі арасындағы ынтымақтастық байланыстардың дамуына себеп болған. Қазіргі кезде оның «Исламның Ресейдегі және ТМД елдеріндегі жағдайына сараптама» атты зерттеу еңбегі баспаға дайын тұр.

Соңғы жаңалықтар