Сауд Арабиясында ИЫҰ денсаулық сақтау саласындағы Атқарушы комитеттің 5-інші отырысы өз жұмысын бастады
АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «2012 жылғы 31 қаңтарда Жидда қаласында (Сауд Арабиясы) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісовтің төрағалығымен Ислам ынтымақтастық ұйымының (ИЫҰ) денсаулық сақтау саласындағы Атқарушы комитетінің 5-інші отырысы өз жұмысын бастады»,-деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Аталған іс-шара Денсаулық сақтау министрлерінің Үшінші ислам конференциясы (2011 жылғы 29 қыркүйек-1 қазан, Астана қаласы) барысында қабылданған Астана декларациясы мен қарарлардың іске асырылуын қарастыру және бұдан арғы ынтымақтастық перспективаларын талқылау болып табылады. Отырысқа Қазақстан, Сауд Арабиясы, Сенегал, Малайзия, Джибути, Иран және ИЫҰ Бас хатшылығы Атқарушы комитеттің мүшелері болып табылатын делегациялар қатысуда.
Одан басқа комитет мүшелері - халықаралық ұйымдар: Ислам даму банкі, Ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша тұрақты комитеті (КОМСТЕК), Ислам мемлекеттері үшін статистикалық, экономикалық және әлеуметтік зерттеулер және оқу орталығы (СЕСРИК), Білім және ғылым және мәдениет мәселелері бойынша Ислам ұйымы (ИСЕСКО) Халықаралық ұйымдар және басқа институттар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ), БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ЖИТС-пен, туберкулезбен, безгекпен күрес жөніндегі жаһандық қор өкілдері отырыс жұмысына қатысуда.
Жұмыс шеңберінде Қазақстан делегациясының төрағасы Е.Байжүнісов ИЫҰ Бас хатшысы Э. Ыхсаноғлымен, Ислам даму банкінің Президенті Ахмет Мұхамед Әлимен, Сауд Арабиясы Королдігінің Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Мансұр Насыр әл-Хауасимен және Ислам сауда-өнеркәсіп палатасының өкілімен екі жақты кездесулер өткізді. Жоғарыда айтылған екі жақты кездесулердің қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты белсендіру бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.
30 қаңтарда Қазақстан делегациясы Жидда қаласында Сауд Арабиясындағы жетекші емдеу мекемесінің бірі болып табылатын Король Файсал атындағы емханаға барды. Онда клиниканың мамандандырылған және онкологиялық бөлімінің жұмысымен танысты. Мекеме басшылығымен денсаулық сақтау саласындағы қазақстандық медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мәселелері, оның ішінде аталған мекеме қол жеткізген жетістіктерімен және тәжірибесімен алмасу жолдары талқыланды. 1 ақпанда Атқарушы Комитеттің отырысы өз жұмысын жалғастырады.