Сауд Арабстанының өкілдері Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығы жобаларымен танысты
АҚТӨБЕ. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Кеше «Батыс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшылығы Ақтөбе облысына байланыстар орнату және агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция салу мақсатында келген Сауд Арабстанының делегациясымен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Компанияның баспасөз қызметінен хабарлағанындай, корпорация басқармасының төрағасы Андар Шоқпытов қонақтарды мекеменің міндет-мақсаттарымен, оның жұмыс тетіктерімен таныстырып, әлеуетті инвесторлар тарапынан ивестицияны қажет етіп отырған Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы жобаларды таныстырды. Атап айтқанда Ақтөбеде «халал» стандарты бойынша ет өнімдерін өндіретін комбинаттың екінші кезеңінің құрылыс жобасы, интенсивті технология бойынша картоп өсіру, Алға ауылындағы тері өңдеу өндірісін қайта жаңарту, Ақтөбеде мұздатылған қой етін өңдеудің жаңа кешенінің құрылысы, Мартөктегі сүт өндірісін қайта жаңарту, Батыс Қазақстан облысында салынып жатқан «Күнбағыс» май зауыты үшін майлы дақылдар мен шикізат базасын өсіру, бройлер етін өңдеу, жүгері өсіру және өңдеу, т.б. жобалар таныстырылды.