Сауда министрі аграрлық банк құру туралы ұсынысқа пікір білдірді

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев аграрлық банк құру туралы ұсынысқа пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform. 

Сауда министрі аграрлық банк құру туралы ұсынысқа пікір білдірді
Фото: gov.kz

«Кеше Мәжілісте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин агробанк құруға қарсы емес екендерін айтты. Сауда саласының министрі ретінде сіздің пікіріңізді білгіміз келеді. Аграрлық банк құру қажет пе?» — деп сұрады журналист.

Ведомство басшысы бұл мәселе Ұлттық банк құзырындағы шаруа екенін айтады.

«Меніңше, Ұлттық банк айтып жатыр. Олар қай саланы қалай қаржыландыратынын өздері біледі. Сондықтан негізгі шешімді солар айтады», — деді ол.

Министр сауда саласының өкілдері үшін аграрлық саланы кім қаржыландырғаны емес, қалай қаржыландырғаны маңызды екенін де айтты.

«Біз министрлік ретінде несиенің мөлшерлемесі ыңғайлы болу керек деп айтып отырмыз. Мөлшерлеме нарық талабына сай болса, қалғаны екінші кезектегі мәселе. Мейлі ол „Халық банк“ бола ма, мейлі аграрлық банк бола ма, бәрі бір. Несие қолжетімді болғаны керек. Қазіргі таңда Ұлттық банктің мөлшерлемесі қандай екенін білесіздер. Базалық мөлшерлеме инфляцияға байланысты», — деді Арман Шаққалиев.

Соңғы жаңалықтар