Сауда министрлігі АҚШ-тың қосымша кедендік баж енгізуіне қатысты түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Қазақстанда өндірілген жекелеген тауарларға 12,5% мөлшерінде қосымша кедендік баж енгізеді. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің хабарлауынша, АҚШ 2026 жылғы 23 шілдеде 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бөлімі аясында жүргізілген тергеу нәтижелері бойынша түпкілікті шешім қабылдаған.
2026 жылғы 24 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа баж АҚШ Сауда өкілдігі бекіткен ерекше тауарлар тізбесіне енгізілмеген қазақстандық өнімдерге қатысты қолданылады.
— Бұған дейін қолданылып келген 10% мөлшеріндегі уақытша импорттық үстеме белгіленген 150 күндік мерзімнің аяқталуына байланысты өз күшін жойды. Осыған байланысты бұрынғы үстеме жаңа кедендік бажға қосылмайды, — делінген хабарламада.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің есептеуінше, Қазақстанның АҚШ-қа экспорттайтын өнімдерінің шамамен 95%-ына қосымша кедендік баж бұрынғыдай қолданылмайды.
Ведомство қазақстандық экспорттаушылардың мүддесін қорғау және өзара тиімді шешімдерге қол жеткізу мақсатында АҚШ-пен келіссөздер мен өзара іс-қимылды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Канададан импортталатын бірқатар тауарға қосымша 50 пайыздық баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойғанын хабарлағанбыз.