Сәуірден бастап Қазақстан Парламенті Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясына төраға болады
АНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан Парламенті Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясына төраға болады.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің ғимаратында өткен Наурыз мейрамының мерекелік шарасы барысында палата спикері Орал Мұхамеджанов мәлім етті.
Салтанатты шара барысында құттықтау сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов Наурыз мейрамы шығыс жұртының жаңа жыл мерекесі ретінде де аталып өтетінін еске салып, осы тұрғыдан былтырғы Наурыз мейрамынан ағымдағы Наурыз аралығында елімізде атқарылған мәселелерге тоқталып өтті. Осы ретте спикер өткен Барыс жылы Қазақстан үшін барлық салада да аса маңызды болғанын айтып, оның ішінде ЕҚЫҰ Астана Саммитін өткізу ел мерейін асқақтатқанын жеткізді. «Ағымдағы жыл да біз үшін аса маңызды жыл. Өйткені, Қазақстан биыл ШЫҰ төрағалығын қолға алып, алдағы бір-екі айдың жүзінде Ислам Конференциясы ұйымының да тізгіннін ұстамақ. Парламенттік шығармашылық тұрғысынан келсек, біз алдағы сәуір айында Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясына төраға боламыз. Ал мамыр айында ЕурАзЭҚ Парламентаралық ассамблеясының төрағалығын да қолға ұстайтын боламыз. Бұл еліміз үшін зор абырой, биік белес», - деді О. Мұхамеджанов.