Sax Invest ұйымдастырушысы салымшылардың қаражатын казинода ұтылып, саяхаттарға жұмсаған

АСТАНА. KAZINFORM — Африканың Анголасында алмастар өндіреміз деген желеумен қаражат тартқан Sax Invest инвестициялық жобасының ұйымдастырушысы салымшылардың қаражатының едәуір бөлігін жеке қажетіне жұмсаған. Бұл туралы Bizdin Orta подкастының эфирінде Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу департаменті басшысының орынбасары Кеңесары Бағбанұлы мәлім етті.

ж
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Ақшаны Африкада, Анголада алмастар өндіреміз деген сылтаумен жинады. Адамдар сеніп, шамамен 9 миллиард теңге салды. Ең сорақысы, осы 9 миллиардтың 2 миллиардын негізгі ұйымдастырушы казинода ұтылып қалған. Тағы 377 миллион теңге саяхаттарға кеткен — ол кезде бұл сома шамамен 1 миллион долларды құрады. Олар қолданған бір формат — желілік маркетинг. Қазақстанда желілік маркетингтің өзі заңсыз емес, алайда бұл жағдайда ол тек жамылғы ретінде пайдаланылды, — деді Кеңесары Бақбанұлы.

Сонымен қатар, спикер «Асар Баспана» жобасының 86 мың салымшыдан 12 миллиард теңгеден астам қаражат жинағанын айтты. Тергеу барысында ұйымдастырушылардың екі форматта — желілік маркетинг пен тұтынушылар кооперативі арқылы жұмыс істегені анықталған. Жедел-іздестіру шаралары барысында негізгі күдіктінің бауырынан 945 миллион теңге тәркіленді.

Еске салайық, Sax Invest пен Nazira Gold 2025 жылы Қазақстандағы ең ірі алаяқтық жобалар ретінде танылды.

Бұған дейін подкастта Асхат Ниязовтың әрекетіне құқықтық баға берілетіні жарияланған болатын.

Сонымен бірге, Бас прокуратура өкілі дроппинг-схемаларға қатысқандардың қылмыстық жауапкершілігі күшейтілгенін айтты.

Соңғы жаңалықтар