Саябақтар, скверлер мен жағалаулар: биыл Алматы қалай түрленеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасынан Kazinform сауалына жолдаған жауапта биыл шаһарда саябақтарды, скверлерді және жағалауларды абаттандыру жұмыстары жалғасатынын айтты.

Негізгі жобалар қатарында – бұрынғы Президент резиденциясы орнына сквер салу, Баум тоғайын қалпына келтіру, сондай-ақ Кіші Алматы өзенінің жағалауын абаттандыру бар.
Қазір Алматыда 12 саябақ, 141 сквер, 31 жаяу жүргіншілер аймағы, 21 бульвар, 326 жасыл желек және 11 жағалау тіркелген. Жасыл аумақтардың жалпы ауданы 977 гектар.

2025 жылға қандай жобалар жүзеге асады
Басқармадан атап өткендей, Алматыда қоғамдық кеңістіктерді дамыту және қаланы көгалдандыру бойынша ауқымды бағдарлама бар.
Биыл келесі саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерді жаңарту көзделген:
1. Президенттің қызметтік резиденциясының орнында саябақ салу.
Құжаттарда бұл жоба «Назарбаев даңғылының батысындағы және Ганди көшесінің солтүстігіндегі сквер аумағын қайта құру» деп аталады.
Әкімдікте нақтылағандай, жергілікті бюджеттен инженерлік коммуникацияларды іске асыруға 940 млн теңге қарастырылған, ал құрылыс-монтаж жұмыстары демеушілік қаражат есебінен қаржыландырылады.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы техникалық қадағалау туралы хабарламаға сәйкес, Президент резиденциясы орнындағы сквердің астында жерасты автотұрағы салынады.
Бұған дейін әкімдік бұл аумаққа биіктігі алты метрден асатын 50 ірі ағаш отырғызылғанын мәлімдеген еді. Қазір инженерлік желілер тартылып, суару жүйесіне арналған резервуар құрылысы жүргізіліп жатыр.
Бұл жоба — қалалық ортаны жақсарту және алматылықтар үшін жаңа тартымды аймақтар құруға бағытталған кең ауқымды жоспардың бір бөлігі.
2. Алматыдағы Баум тоғайы абаттандырылады

Қаланың басты табиғи нысандарының бірі – Баум тоғайы. Бұл жұмыстарға 3,3 млрд теңге бөлінген.
Тоғайдың ауданы 137,7 гектар, ол Түрксіб ауданында Сейфуллин мен Сүйінбай даңғылдарының арасында орналасқан.
Бұған дейін хабарлағандай, жобаның мақсаты - тоғайды экологиялық маңызы бар аумақ ретінде жаңғырту, тұрғындар арасында экологиялық сананы дәріптеу. Тәсілдің ерекшелігі-тоғайдың табиғи компонентіне минималды араласу. Аумақта шағын архитектуралық формалар пайда болады: орындықтар, қоқыс жәшіктері, сондай-ақ балалар ойындары мен спортқа арналған жабдықтар.
Баум тоғайы үш аймаққа бөлінеді:
– Белсенді аймақ-ашық инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін тоғайдың периметрі бойынша орналасады;
– Рекреациялық аймақ-ең аз инфрақұрылымы бар тыныш демалыс орны болады;
– Эко-аймақ шектеулі араласумен табиғи флора мен фаунаны сақтауға және қалпына келтіруге арналған.
3. Алматы қаласындағы «Оңтүстік» саябағының солтүстігіне жасыл аймақ салуға 992 млн теңге бөлінген.
4. Байтурсынов пен Сәтпаев көшелерінің қиылысында орналасқан Геологтар аллеясы күрделі жөндеуден өтеді. Оған 867 млн теңге қарастырылған.
5. Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, «Атакент» қазақстандық іскерлік ынтымақтастық орталығы аумағын қайта жаңғырту жобасына 5 млрд теңге қарастырылған.

6. Райымбек даңғылынан бастап Гоголь көшесіне дейінгі Пушкин көшесін кешенді абаттандыруға 2,216 млрд теңге бөлініп отыр.
7. Достық даңғылын жаңартуға 1,445 млрд теңге қарастырылған.
– Сонымен қатар, қазір Кіші Алматы өзенінің жағалауын абаттандыру көзделіп отыр. Бұл жұмыс су бөлгіштен бастап тау бөктеріндегі «Медеу» спорт кешеніне дейінгі аралықты қамтиды, – делінген әкімдіктің ресми жауабында.
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы барлық жобада автоматтандырылған суару жүйелері енгізілгенін нақтылады.
Қалаға қанша ағаш отырғызылды

Алматы әкімдігінен мәлім еткендей, қалалық ортаны көгалдандыру бойынша ауқымды бағдарлама іске асып жатыр. Жыл басынан бері мегаполисте биіктігі 6 метрден асатын 2 мың ірі ағаш отырғызылды.
Сондай-ақ, биіктігі 2,5 метр 20 мыңға жуық көшет және 10 мыңнан астам бұта отырғызылды. Күзде биіктігі 4-тен 6 метрге дейін тағы 4 мың ірі ағаш отырғызу жоспарда.
Соңғы екі жылда Алматыда 1 млн-нан астам ағаш пен бұта отырғызылды.
Мемлекет басшысының Алматыны «жасыл қала» ретінде қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында мегаполисті ауқымды көгалдандыру бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр.
Негізгі бастамалардың бірі – 2022 жылы бекітілген «Жасыл Алматы» жол картасы. Бағдарламаның басты мақсаты – 2030 жылға дейін 2,5 млн жасыл желек отырғызу. Жыл сайын 320 мың ағаш пен бұта отырғызу көзделген.
2030 жылға дейін шамамен 1,3 млн ағаш отырғызылады.

Бас жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай жасыл аймақтардың жалпы ауданы шамамен үш есеге - 1,3 мың гектардан 3,3 мың гектарға дейін ұлғаяды, ал 2040 жылға қарай ол 3840 гектарға жетеді.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда 2030 жылға дейін 2,5 миллион ағаш отырғызу керектігін айтқан болатын. Ең бастысы, абаттандыру жұмыстары суармалы судың қолжетімділігі мен қала жоспарын ескере отырып, мазмұнды әрі біркелкі жүргізілуі керек.
Сондай-ақ Ерболат Досаев Алматының экология мәселесі қалай шешілетіні туралы айтқан болатын.
Алматыда ауа сапасын ластайтын басты факторлар туралы да жазғанбыз.