Алматыда ауа сапасын ластайтын басты факторлар қандай

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда ауа сапасын бақылайтын 16 станция бар.

Алматы, смог
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, соңғы бес жылдың төртінші тоқсанын салыстыратын болсақ, мегаполисте ауаның ластану деңгейі бірнеше есе өскен. 2020-2023 жылдардың төртінші тоқсанында бұл көрсеткіш «жоғары» деп бағаланса, 2024 жылы ауаның ластану деңгейі «өте жоғары» санатына өтті.

Алматы, смог, түтін, экология, ауа сапасы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Алматыда ауаны ластайтын негізгі себептер:

• Көлік санының көбеюі. Алматыда жыл сайын 70 мыңға жуық жаңа автокөлік тіркеледі. 2024 жылы мегаполистегі машиналардың жалпы саны 630 725 бірлікке жетті;
• Өнеркәсіптің шығындылары. Қаладағы кәсіпорындардың шығындылары 2 995,912 тонна болды;
• Пешпен жылытылатын үйлер. Мегаполисте 1,7 мыңнан астам үй әлі де газбен жылытуға ауыстырылмаған;
• Сондай-ақ желсіз ауа райы мен сирек жауын-шашын атмосферада ластаушы заттардың жиналуына ықпал етеді.

Алматыда ауа сапасын бақылайтын 16 станция бар. Олардың 12-сі автоматты, ал 4-еуі қолмен сынама алу әдісімен жұмыс істейді. Олар шаң және улы заттар сияқты 25 түрлі көрсеткішті талдайды. Бұдан басқа, ауа сапасы Талғар, Есік, Түрген, Өтеген Батыр және Қаскелең қалаларында орналасқан 10 жылжымалы экологиялық зертханаларда өлшенеді.

Алматы, смог, түтін, экология, ауа сапасы
Фото: Александр Павский/Kazinform

— 2024 жылдың төртінші тоқсанындағы мониторинг нәтижелері Алматыда ауаны негізгі ластаушы заттар — ұсақ бөлшектер — шаң, озон, көміртек оксиді, күкірт диоксиді, азот диоксиді және формальдегид екенін көрсетті. Кейбір аудандарда озон концентрациясы рұқсат етілген нормадан 7,5 есе асады. Орташа тәуліктік концентрация бойынша шаң, азот диоксиді және озон нормативтерден асып кеткен. Әсіресе, озонның шектен тым асып кетуі байқалады, — делінген «Қазгидромет» РМК жауабында.

Алматы, смог, түтін, экология, ауа сапасы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Cонымен қатар, мамандардың айтуынша, жылы әрі желсіз ауа райы атмосферада зиянды заттардың шашырамай жиналуына тамаша жағдай жасайды. Мысалы, 2024 жылдың қазан, қараша және желтоқсан айларында Алматыда сирек, бірақ қарқынды жауын-шашын мен әлсіз жел болды. Оған қоса, ауа температурасы да нормадан 1-2 градус жоғары болған. Соның әсерінен қалада ауа сапасы айтарлықтай нашарлаған.

Еске салайық, бұған дейін «жаңбыр адамы» атанған Алтай Айнабек Алматының ауасын қалай тазартпақ екенін жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар