Саясаттанушы: вице-президент — көмекші институт
АСТАНА. KAZINFORM — Саясаттанушы Индира Рыстина Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында вице-президент институтының маңызын түсіндірді.
— Вице-президент институты — саяси жүйенің күрделі трансформацияға ұшырап, жаңадан қалыптасып жатқанын көрсететін негізгі белгілердің бірі. Себебі, билік дәстүрлі түрде үш тармаққа бөлінеді: заң шығарушы, атқарушы және сот билігі. Ал президент институты осы үш биліктің тепе-теңдігі мен тежемелігін сақтап отырады, яғни бүкіл ауыртпашылық президентке түседі. Ол стратегиялық міндеттерге жауапты болумен қатар, ішкі тапсырмаларды да қадағалайды. Ал вице-президент институтының енгізілуі президент тапсырмаларының орындалуын қадағалайды. Ол — президенттің басқа органдармен байланысын күшейтетін қосымша, көмекші институт, — деді ол.
Сонымен қатар, вице-президент институты билік транзитін жүзеге асыруға да жауапты.
— Қандай да бір жағдай орын алып, президент өзінің өкілеттігін орындай алмай қалса, екінші тұрған лауазымды тұлға — вице-президент. Ол уақытша президент міндетін атқарып, екі айдың ішінде сайлау күнін тағайындап, өткізуі керек деген норма бар. Бұл мәселеде де өте күрделі өзгерісті байқауға болады. Бұрынғы Конституцияда бұл өкілеттік Сенат спикеріне, одан кейін Мәжіліс төрағасына, төртінші кезекте Премьер-министрге өтетін. Ендігі кезекте аталған өкілеттік алдымен вице-президентке, содан кейін Құрылтайдың басшысына тиесілі. Айырмашылығы қандай екенін түсіндірейік. Аталған өкілеттікті Сенат спикері алса, онда ол бірнеше лауазымды қатар атқаруға мәжбүр болады. Ал оның тікелей міндеті — заңдардың дұрыс шығарылуын қамтамасыз ету. Вице-президент ол сияқты қосымша лауазымға ие емес, билік тармақтарын басқармайды. Бұл — тікелей президенттің тапсырмасын орындайтын адам. Өкілеттіктің вице-президентке ауысуы тепе-теңдік пен тежемелі жүйенің бұзылмауына да негіз болады. Өйткені, заң шығарушы органға аталған өкілеттік берілсе, заң шығарушы орган басымдыққа ие болар еді, яғни тепе-теңдік және тежемелік ұстанымы бұзылады. Ал вице-президент институты тепе-теңдікті қамтамасыз ете отырып, екі ай ішінде келесі президент сайлауын тағайындап, өткізеді, яғни қауіпсіздікті қамтамасыз ететін буфер іспетті, — деп түсіндірді саясаттанушы.
Одан бөлек, вице-президент президенттің жүктемесін жеңілдетеді.
— Үкімет — атқарушы билік. Президенттің тапсырмаларын, заңдарды, бағдарламаларды, жоспарларды іске асырады. Олардың бәрінің тиімділігі дұрыс жүзеге асуына байланысты. Берілген тапсырмаларды, бағдарламаларды, жоспарлардың бәрін бақылап, қадағалауға президенттің жалғыз өзінің мұршасы бола бермейді. Сондықтан бұл жұмыстарды вице-президент атқарады, — деді Индира Рыстина.
Айта кетейік, бұған дейін жаңа Конституция халық билігін күшейтетінін жазғанбыз.