Саяси қайраткерлер мен діндер басшыларының диалогынсыз қандай да міндеттерді жүзеге асыру қиын - Қ.Тоқаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі күрделі заманда жетекші саяси қайраткерлер мен дәстүрлі және әлемдік діндер көшбасшыларының тікелей диалогынсыз қандай да бір міндеттерді жүзеге асыру қиын. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары съезі Хатшылығының XIV отырысы барысында Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
«Шындығында, бүгінгідей күрделі заманда жетекші саяси қайраткерлер мен дәстүрлі және әлемдік діндер көшбасшыларының тікелей диалогынсыз қандай да бір міндеттерді жүзеге асыру қиындау. Өйткені егер біз қордаланған проблеманы шешудегі қандай да бір үлес туралы айтатын болсақ, онда ол істің оңай болмайтынын да түсінеміз. Дін лидерлерінсіз, саяси қайраткерлердің араласуынсыз өзара пікір алмасып, бір-бірін тыңдау, тіпті естудің өзі қиын болар еді», - деді Қ.Тоқаев. Бұдан бөлек, Сенат спикері Съез Хатшылығы мен Кеңесінің бұдан әрі отырыстарын өткізу мәселесіне тоқтала келе: «Біз бұндай құқықтан бас тартпаймыз», деп атап өтті. «Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының 6-шы съезін 2018 жылы өткізу туралы шешім қабылданатынына да сенім білдіремін», - деді спикер Қ.Тоқаев.