Саяси қуғын-сүргін құрбандары қалай ақталды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін — саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Елімізде қазірге дейін қуғынға ұшырағандарды ақтау мәселесі бойынша бірнеше рет комиссия құрылып, бірталай жұмыстар атқарылды. Саяси қудалауға ұшырағандар қалай ақталды? Оларды анықтау жұмыстары қалай жүргізілді? KazInform тілшісі анықтап көрді.

Саяси қуғын-сүргін құрбандары қалай ақталды
Фото: Алматы әкімдігі

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін құрылған комиссияның құрамында философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай да бар. Ол 2020-2023 жылдары қудалауға ұшырағандарды анықтау үшін атқарған жұмыстарын айтып, KazInform тілшісіне сұхбат берді.

— 80-жылдары Сталиндік репрессия, кеңес заманындағы қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау мәселесі қолға алынған. 1993 жылы арнайы комиссия құрылды. Бұл жұмыстар әр уақытта жаңғартылып отырды. Әсіресе, 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесінде үлкен баяндама жасады. Соның негізінде Сталиндік репрессия және саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарымен 12 сала бойынша комиссия құрылып, бірнеше жыл бойы жұмыс істеді. Оның біреуі діни мотив бойынша қуғынға ұшырағандар. Саяси қуғынға ұшыраған ислам дінінің өкілдерін ақтау жұмыстарына мен жауапты болдым. Бізде 20 шақты аймақта да осы жұмыс бойынша арнайы комиссия құрылды. Біз олармен тығыз байланыс орнатып, республикалық деңгейде өте үлкен жұмыс атқардық, - дейді комиссия мүшесі.

Досым Кенжетай
Фото: Юлия Василийқызы

Досай Кенжетай құрбандарды ақтау жұмыстарының маңыздылығын түсіндірді.

— Бұл халық алдында, қуғын-сүргінге ұшыраған ата-бабаларымыздың алдында, тарих алдында әділеттікті қайта қалпына келтіру мәселесі. Біз бұл саяси қуғын-сүргіннің қазақ халқына тигізген зардабын ешқашан ұмытпауымыз керек. Бұл ұлттың болашағын, бүгінін және келешегін тұтастандыру үшін өте маңызды қадам. Сондықтан қазақ тарихындағы қайғылы трагедияларды естен шығармай, оны жаңғыртып, халық санасын оңалту керек. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау біздің бүгінгі және келешек ұрпағымыз үшін керек. Осы арқылы біз қазақ халқының бүгініне қызмет етіп жатырмыз. Мемлекет басшысының «Тарихи әділеттілік» деген тіркесі бар. Бұл өте тиімді қолданылған тіркес. Осы атқарылған жұмыстар бізге тарихи әділеттілік үшін керек, - дейді философия ғылымдарының докторы.

Комиссия мүшесі қудалауға ұшырағандарды анықтау үшін қандай жұмыстар атқарғанын айтты.

— Біздің басты міндетіміз деректерде қалған, архивтерде сақталған, ауызша айтылып жүрген мәліметтерді анықтап, талдап, зерделеп, ғылыми айналымға енгізу болды. Әсіресе, олардың аты-жөнін, ерен еңбектерін ел есінде қалдыру. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясы Егемен елдің құндылықтарын түгендеу мәселесі бойынша көптеген істі жүзеге асырды. Комиссия ғылыми таным мен архивтік материалдарды сараптау методологиясымен жұмыс істеді. Оның ішінде біз діни мотивпен қудаланғандарды ақтау бойынша қызмет еткен соң далалық зерттеулерді де жүргіздік. Ел аузында өз ата-бабасы туралы айтқан естеліктер қамтылды. Жалпы дереккөздерге сүйеніп, ислам дініне байланысты қуғындалған, зардап шеккендердің саны 100 мыңнан асатыны анықталды. Олардың 60 мыңы атылған. Қалған 30 мыңдайы ел ауып, өзге мемлекеттерге кеткен. Бұл тек архивтік деректердегі мәлімет. Тізімге енбей қалған, халық санасынан өшіп кеткен қаншама адам бар. Ал оған өзге дін өкілдерін қоссаңыз, бұл сан одан да асып кетеді. Бұл жұмыстар дәстүрлі түрде ары қарай да жүзеге асырылуы керек деп ойлаймын, - дейді Досай Кенжетай.

Саяси қуғын-сүргін қазақ қоғамының тарихында сүйекке салынған таңба болып қалды. Өйткені, маманның айтуынша, саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары әлі күнге дейін үреймен өмір сүретін көрінеді.

— Біз бұл мәліметтерді әр өңірде ашылған комиссия мүшелерімен сол өңірдегі кітапханаларда сақталған архив материалдарын бір мезгілде, орталықтандырылған кешенді жұмыстарды атқару арқылы анықтадық. Бұрын қуғынға ұшыраған азаматтардың бүгінде көзі тірі ұрпақтарымен кездесу, олардың қолдарында қалған деректер, мұралар мен жәдігерлер бойынша да салыстыру жұмыстарын да істедік. Бұл тек феноменологиялық зерттеу болған жоқ. Сонымен қатар, әлеуметтік және психологиялық жағын да қарастырдық. Себебі, қуғынға ұшырағандардың ұрпақтары әлі күнге дейін үреймен өмір сүріп жүргендерін жасыра алмаймыз, - дейді ол.

Философия ғылымдарының докторы Кеңес үкіметі уақытындағы діни ахуалға да тоқталды.

— Ол кезде сот, прокуратура секілді ешқандай құқық болмаған. Адамдардың тағдыры «Үштік» және «Бестік» деп аталатын комиссияның шешімімен анықталып отырған. Ал Сталиндік репрессияға ұлттың құндылығын дәріптеп, оған қызмет еткен тұлғалар ұшыраған. Оның ішінде ең әуелі дінге қызмет еткен адамдар қуғынға ұшырады. Ал олардан қалған діни ғимараттар өртеліп, құлатылып, қолданылмайтын дәрежеге түсті. Жойыла алмайтындары кеңестік совхоз бен колхоздың астық дайындайтын, шошқа өсіретін ғимараттарына айналып кетті. Дәл осылай дінді халық санасынан өшіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Бұл жүйенің аты «Ғылыми атеизм» деп аталды. Мұндай орталықтар әсіресе, Алматы, Ташкент және Ош қалаларында белсенді жұмыс істеді. Бұл ислам, христиан, буддизм сынды бүкіл діндерге жасалған қастандық болатын, - дейді ғалым.

Комиссия мүшелерінен
Фото: Досай Кенжетайдың жеке мұрағатынан

Досай Кенжетай ол кезеңде дінге қарсы жұмыстар мемлекеттік деңгейде жүргізілгенін айтады.

— Жалпы Кеңес үкіметі атеистік мемлекет ретінде танылды. Оның негізгі саясаты дінге қарсы еді. Ұстанымы дін мен мемлекет арасындағы секуляризм. Мақсаты дінді мемлекеттік тіршіліктен ғана емес, қоғамнан да, адамнан да және адамның жеке өмірінен де аластату болды. Осы үшін олар өз заңдарына ережелер, қағидалар мен заңнамалар енгізді. Ал заңнамалар идеологиялық машиналар секілді жұмыс істеді. Бұл мәселе бойынша «Құдайсыздар қоғамы», «Қызыл отау» секілді мақсатты мекемелер жұмыс істеді. Ғылыми атеизм мемлекеттің негізгі платформасына айналды. Ол барлық мектептерде, жоғарғы оқу орындарында сабақ ретінде өткізілді. Діни қызметкерлер мен олардың отбасы азамат ретінде сайлау құқығынан айырылды, - дейді комиссия мүшесі.

Ал комиссияның нақты христиан діні өкілдерін зерттеу мәселесіне бекітілген мүшесі Юлия Шаповал құрбандардың нақты санын анықтау мақсатында әлі де жұмыстар жүргізілуі керектігін жеткізді.

— Діни қызметкерлер мен әртүрлі сенуші топтардың зардап шеккендер саны бойынша түпкілікті цифрларды анықтау үшін мәліметтер жинауды жалғастыру қажет. Біз атқарылған жұмыстың нәтижесінде 50 мыңнан астам христиандық конфессиялардың өкілдері репрессия жылдарында зардап шеккенін анықтадық. Архивтік материалдар негізінде, христиандық конфессиялардың көптеген өкілдері ақталды. Дегенмен, әлі де ақталмағандар көп. Мәселен, «шындықты ұстанушы православие христиандары», «федоровшылар», «иоанниттер» сынды әлі де ақталмаған көптеген топтар бар. Архивтік құжаттарда олар сектанттар деп жазылған, - дейді профессор.

Юлия Шаповалдың сөзінше, діни мотивпен қудаланғандар көбіне шпиондық қызмет жасады деп жазаға тартылған.

— Олар көбінесе РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10-тармағы (контрреволюциялық үгіт-насихат) және 11-тармағы (контрреволюциялық қызмет) бойынша айыпталды. Әсіресе, католиктер, протестанттар (лютерандар, баптистер, евангелистер, адвентистер және т.б.) жиі қудалауға ұшырады. Оларға 58-баптың 4-тармағы (халықаралық буржуазияға көмек көрсету) және 6-тармағы (шпиондық қызмет) да қолданылды. 1937-1938 жылдары, яғни «Үлкен террор» кезеңінде, көптеген діни қызметкерлер бұрынғы қылмыстары үшін қайтадан жазаланды. Оларға салық салу мөлшері арттырылды, ал ұжымдастыру кезінде астық дайындау тапсырмаларын орындамағаны үшін 61-бап бойынша айыпталды. Бұл жағдайда мүліктері тәркіленіп, жер аударылды, - дейді ғылым докторы.

Доцент қудалауға ұшыраған христиан дінінің өкілдері оңтүстік өңірде де көп дейді.

— Біздің қоғамда Қазақстанның солтүстігінде христиандар, ал оңтүстігінде мұсылмандар көп деген стереотип бар. Бірақ, зерттеулерге сүйенсек, репрессияға ұшыраған христиандар тек Солтүстік Қазақстан, Кокшетау, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында ғана емес, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстанда да болған. Оңтүстік өңірлерде, Алматы қаласы мен Алматы облысында, Шымкент пен оның айналасындағы аймақтарда, Таразда (совет кезеңінде Мирзоян, Джамбул деп аталған) мұсылмандарға ғана емес, православиелік христиандарға, баптистерге, пентекосталдарға және басқа да діни топтарға қатысты көп іс жүргізілген, - дейді ол.

Комиссия мүшесі қудаланғандарды ақтау жұмыстары жалғасу үшін бірқатар мәселелерді шешу керектігін айтты.

— Мен Қазақстан Республикасының Президенті Архивінің ашық және жабық қорларындағы құжаттармен жұмыс істедім. Сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінде және полиция департаменттерінің арнайы бөлімдеріндегі құжаттармен таныстым. Қазіргі таңда барлық тергеу ісі мен материалдар Президент Архивінде сақтаулы. Қалалық, облыстық және аудандық архивтерде де зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Жабық архивтерде әлі де құпиялы құжаттар бар. Бұл құжаттармен жұмыс істеуге қатысты шектеулер Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік құпиялар туралы» Заңымен реттеледі. Қазіргі уақытта Мемлекеттік комиссияның құпиялылықты жою бастамасы аясында бұл процесс жалғасуда. Алдағы уақытта зерттеушілер үшін құжаттарға қолжетімділік жеңілдеп, кеңейтілуі тиіс деп үміттенеміз, - деді Юлия Василийқызы.

Айта кетейік, саяси қуғын-сүргін құрбандары 393 200 теңге көлемінде біржолғы ақшалай өтемақы ала алады.

Соңғы жаңалықтар