Саяси қуғын-сүргін құрбандары қандай төлемдер алады

АСТАНА. KAZINFORM – 2003 жылдан бастап Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 23,6 млрд теңге төленді. Биыл бұл мақсатқа 2,7 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Саяси қуғын-сүргін құрбандары қандай төлемдер алады
Фото: Kazinform

— 2003-2024 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 4,7 млрд теңге сомасында біржолғы ақшалай өтемақы төленді. Өтемақы мөлшері 2949 теңге мен (¾ АЕК) 393 200 теңге (100 АЕК) аралығында. 2025 жылға республикалық бюджетте аталған мақсаттарға 1,2 млрд теңге қарастырылған, — деп хабарлады ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Аймағамбетов.

Бұдан басқа, саяси қуғын-сүргін құрбандарына, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын адамдарға әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлеріне қарамастан 1,23 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2025 жылы — 4 837 теңге) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

— 2005 жылдан бастап 2024 жылға дейінгі кезеңде республикалық бюджеттен 18,8 млрд теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. 2025 жылы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 1,5 млрд теңге жоспарланған. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 26 807 жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен азамат арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алды, — деді департамент директоры

Ақталған азаматтардың, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдардың бірінші кезекте:

— бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған, жазасын өтеген, басқа елді мекемендерге жіберілген, арнайы елді мекендерде еркіндігі шектеліп, мәжбүрлі еңбекпен айналысқан және мәжбүрлеп психиатриялық мекемелерде емдеуде болған уақытының үш есе мөлшерде зейнетақы алу үшін қатысу өтіліне есептелуіне;

— оларға ыңғайлы уақытта кезекті еңбек демалысын алу, сондай-ақ жылына екі аптаға дейінгі мерзімге жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алу;

— телефондарды бірінші кезекте орнату;

-Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлерге бірінші кезекте орналастыру, оларда толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұру;

— протездік-ортопедиялық бұйымдармен жеңілдікпен қамтамасыз ету;

— оңалтуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегін кеңес алуға құқығы бар.

Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша саяси қуғын-сүргіндерге ұшыраған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақталған адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету жөнінде жергілікті бюджеттер есебінен қосымша шаралар белгілеуге құқылы.

Жыл сайын Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсетеді.

2024 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 223,8 млн теңге сомасына біржолғы материалдық көмек көрсетілді.

Айта кетелік Президент «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барды

Соңғы жаңалықтар