Саяси тұрғыдан алғанда Қазақстан мен Румыния қарым-қатынастарының дамуына қажетті барлық жағдайлар бар - Елбасы
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан мен Румыния мемлекеті арасындағы ынтымақтастықтың үлкен тарихы бар. Бұл кездесуге біз зор мән береміз. Саяси тұрғыдан алғанда, екі жақты қарым-қатынастардың дамуына қажетті барлық жағдайлар бар деп есептеймін. Мен 2007 жылы Румынияға жасаған сапарым өте нәтижелі болды деп ойлаймын, көп мәселеге қол жеткізген болатынбыз. Біздің Парламенттердің арасында қарым-қатынас нығайды. Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық байланыстар өз алдына даму үстінде»,-деді Елбасы.
Осы орайда Мемлекет басшысы Т. Басескудің қазіргі сапары Қазақстан мен Румыния арасындағы экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынастарды жоғары дәрежеге көтеретінін жеткізді.
«Екі елдің арасындағы, әсіресе экономикалық қауымдастықта қарым-қатынасымыз жақсы деп ойлаймын. Себебі, Шығыс және Орталық Еуропадағы мемлекеттердің ішінде Румыния ең үлкен әріптесіміз болып саналады», - деді Президент.
Осы орайда Елбасы «ҚазМұнайГаз» компаниясы «Ромпетрол групп» холдингінің 100 пайыз акциясын алғанын айтып өтті. Осы бағыттағы Қазақстан инвестициясының көлемі 3,5 миллиард АҚШ долларына жуық қаржыны құрайды.
«2009 жылы екі ел арасында сауда көлемі 900 миллион АҚШ долларына жетіп отыр»,-деді Президент.
«Біздің бүгінгі жүргізген келіссөздерде энергетикадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту, жол және көлік мәселесі тұрғысында жаңа келіссөздерге қол жеткізу, Румыния компанияларының біздің индустриялық бағдарламаның орындалуына қатысуы, сондай-ақ Шығыс және Орталық Еуропадағы ахуал, біздің өңірдегі саяси жағдайлар талқыланды», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Н. Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ мемлекет басшыларының жоғары дәрежедегі саммитін Астанада өткізу ұсынысын Румынияның қолдау жасағанына алғысын білдірді.