Саяси жаңғырудың мүлдем жаңа кезеңіне қадам бастық – Тоқаев жаңа Конституцияның жобасы туралы
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан «суперпрезиденттік» модельден бас тартып, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі тиімді жұмыс істейтін президенттік республика үлгісіне өтті. Бұл туралы Пәкістанның The News International газетіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- Ел тарихында ең елеулі саяси трансформация үдерісі жүріп жатыр. Бұл өзгерістер дамудың игілігін қоғамда әділ бөлуді мақсат етеді. Мемлекеттің іргесін бекемдеу жолындағы барлық қам-қарекетіміз елімізді жаңғыртуға, шын мәнінде Әділетті Қазақстанның негізін қалауға бағытталған, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан «суперпрезиденттік» модельден бас тартып, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі тиімді жұмыс істейтін президенттік республика үлгісіне өткеніне назар аудартты.
- Ол, ең алдымен, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына арқа сүйейді. Қазір біз саяси жаңғырудың мүлдем жаңа кезеңіне қадам бастық. Конституциялық реформа аясындағы ең басты өзгерістердің қатарында бір палаталы парламентке (Құрылтай) өту, Халық Кеңесін құру және Вице-президент лауазымын енгізу секілді бастамалар бар. Адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланады. Ал ынтымақ пен бірлік, этносаралық және конфессияаралық келісім секілді құндылықтар мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры болып қала береді, - деді Президент.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен барды.