Сайран көлінде абаттандыру жұмыстары аяқталмай жатып, тазалық мәселесі туындады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Сайран көлінің жағалауы ресми түрде әлі ашылған жоқ. Алайда қала тұрғындары жаңартылған демалыс аймағында қоқыс қалдырып жатыр Kazinform агенттігінің фототілшісі қазір аумақтың қандай күйде екенін көрсетті.

Әлеуметтік желілерде қала тұрғындары мен қонақтары 2023 жылдан бері абаттандырылып жатқан Сайранның суреттері мен видеоларын белсенді түрде бөлісіп жатыр.

Бұл жерде кейінгі 50 жылда алғаш рет көл табаны механикалық жолмен тазартылған болатын.
Жаңартылған аумақты мамыр айының соңына қарай ашу жоспарланған еді, бірақ жұмыстар әлі аяқталған жоқ.
Ол ресми түрде ашылмаса да, демалыс орнына келушілер саны артты. Жағалау мен көлдің бетінде қалқып жүрген қоқысты байқауға болады.


Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы тазалық мәселесін қалай шешетіндерін түсіндірді.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, нысан әлі пайдалануға берілген жоқ, ал абаттандыру элементтерінің бір бөлігі, соның ішінде қоқыс жәшіктері мен шағын сәулеттік формаларды орнату әлі де жүзеге асырылып жатыр.
– Жөндеу жұмыстарының барлық кезеңі аяқталғаннан кейін аумақ қажетті инфрақұрылыммен толық жабдықталады: жарықтандыру, демалыс аймақтары, бейнебақылау жүйелері орнатылады, - деді басқармадан.
Қазір Сайран аумағында күн сайын 40 қызметкер жұмыс істеп, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Орта есеппен мұнда тәулігіне шамамен 5 тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылады. Қазірдің өзінде 124 қоқыс жәшігі орнатылған.


Басқарманың мәліметінше, көлге күн сайын шамамен 3–4 мың адам келеді. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция, ТЖД және құтқару қызметінің мамандары келушілермен күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.


Периметр бойына шомылуға тыйым салынғаны жөнінде ескерту белгілері орнатылды.
– Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркеліп жатыр. Тұрғындар көгалдандыру мен шағын сәулеттік формаларды бүлдіріп, қоқыс қалдырып кетеді. Мұндай әрекеттер жөндеу және абаттандыру жұмыстарын едәуір қиындатып, жоспарланған шаралардың жүзеге асуын баяулатады, - деп атап өтті ведомство өкілдері.


Сонымен қатар қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы қала тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық орындарда мәдениеттілік танытып, коммуналдық қызметкерлердің еңбегін бағалап, қалалық ортаға ұқыпты қарауға шақырды.
– Тазалықты сақтау, абаттандыру, көгалдандыру және инфрақұрылым элементтерін қорғау – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Экологияға және қоғамдық кеңістіктерге жауапкершілікпен қарау – Алматы қаласындағы жайлы, қауіпсіз және тартымды қалалық ортаны қалыптастыруға әркімнің қосқан үлесі, - делінген басқарманың мәлімдемесінде.



Осыған дейін Сайран көлінің жағалауына скейтпарк салынатыны туралы жазғанбыз.
Сондай-ақ Сайран көлінің жағалауын абаттандыру жұмыстары 90 пайызға орындалғаны туралы жазған едік.