Сегіз мұсылман елі Ұлыбританияның Израильге қарсы санкциясын қолдады

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияның Израиль елді мекендерінен келетін тауарларға шектеу енгізу туралы шешімі халықаралық қолдауға ие болды. Алайда бұл қадам Тель-Авивтің қарсылығын туғызды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Сегіз мұсылман елі Ұлыбританияның Израильге қарсы санкциясын қолдады
Фото: Anadolu

Мұсылмандар басым тұратын сегіз елдің сыртқы істер министрлері Ұлыбританияның басып алынған Палестина аумағындағы Израиль елді мекендерінен тауар импорттауға тыйым салу туралы шешімін құптады.

Иордания, БАӘ, Индонезия, Пәкістан, Түркия, Сауд Арабиясы, Қатар және Мысырдың бірлескен мәлімдемесі 9 қыркүйекте жарияланды.

Сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Лондонның бұл шешімі халықаралық қауымдастықты осындай шаралар қабылдауға және заңсыз қоныстандыру қызметіне қатысы бар ұйымдар мен жекелеген тұлғаларды жауапкершілікке тартуға ынталандырады деп үміттеніп отыр.

Министрлер Батыстың 12 елінің сыртқы істер министрлері Батыс жағалаудағы жағдайға байланысты жасаған бірлескен мәлімдемесін де қолдады.

Сейсенбі күні Канада, Дания, Финляндия, Франция, Исландия, Ирландия, Норвегия, Польша, Португалия, Испания, Швеция және Ұлыбритания өкілдері Израиль елді мекендерінен келетін тауарларға ұлттық деңгейде шектеу енгізуге немесе жалпы еуропалық шектеулерді қолдауға ниетті екенін мәлімдеді. Сондай-ақ олар өздерінің ішкі рәсімдеріне сәйкес осындай шараларды қабылдау мүмкіндігін қарастыратынын айтты.

Мұсылман және араб елдері халықаралық құқық бойынша заңсыз деп танылған елді мекендерден тауарлар саудасына өз шектеулерін енгізу немесе жалпы еуропалық шектеулерді қолдау ниетін растады.

Сегіз елдің министрлері Израильді елді мекендер салуға қатысты барлық шараны, сондай-ақ оккупацияланған Палестина аумақтарының географиялық және демографиялық сипатын өзгертуге бағытталған әрекеттерді тоқтатуға тағы да үндеді.

Мәлімдемеде Газа секторы Палестина аумағының ажырамас бөлігі екені де айтылды. Сегіз ел АҚШ президенті Дональд Трамптың бейбітшілік жоспарын толық әрі дереу жүзеге асыруға, гуманитарлық жағдайды жақсартуға және анклавты қалпына келтіруді бастауға үндеді.

Министрлер әділ әрі тұрақты бейбітшілікке жетудің жалғыз жолы ретінде 1967 жылғы 4 маусымдағы шекаралар негізінде, астанасы Шығыс Иерусалим болатын тәуелсіз әрі аумақтық тұтастығы сақталған Палестина мемлекетін құруды атады.

Лондон Израиль елді мекендеріне қатысты ұстанымын күшейтті

Ұлыбритания үкіметі 8 қыркүйекте Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Израиль елді мекендерінен тауар импорттауға тыйым салатынын, сондай-ақ олармен байланысты қызметтер көрсетуге шектеу қойылатынын мәлімдеді.

Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Эд Милибэнд бұл шараларды Лондонның Палестина-Израиль қақтығысына қатысты жаңа ұстанымының бастамасы деп атады.

Оның айтуынша, бұдан былай Ұлыбритания саясаты заң бұзушылықтарды айыптаумен ғана шектелмей, нақты іс-қимылдарды да қамтиды.

Шектеулер елді мекендерді құруға және кеңейтуге ықпал ететін қызмет көрсететін компаниялар мен жекелеген тұлғаларға қатысты болады. Ұлыбритания сондай-ақ олардың жарнамасына тыйым салуды жоспарлап отыр.

Жаңа шаралар 6-9 ай аралығында енгізіледі деп жоспарланып отыр.

Бұл шешім Израильдің Иерусалимнің шығысындағы Е-1 аймағында шамамен 1 200 үй салу жоспары аясында қабылданды. Жоба сыншыларының пікірінше, оның жүзеге асуы Батыс жағалауды солтүстік және оңтүстік бөліктерге бөліп, аумақтық тұтастығы сақталған Палестина мемлекетін құруды қиындатуы мүмкін.

Лондон 2016 жылғы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2334 қарарына және 2024 жылғы 19 шілдеде Халықаралық сот шығарған консультативтік қорытындыға сілтеме жасады.

Бұл құжаттар мемлекеттерді оккупация салдарынан қалыптасқан жағдайды заңды деп мойындамауға және оның сақталуына ықпал етпеуге міндеттейді.

Израильдің жауабы және консулдықтың жабылуы

Израильдің сыртқы істер министрі Гидеон Саар Ұлыбритания тарапының айыптауларын жоққа шығарып, Ұлыбританияның Шығыс Иерусалимдегі бас консулдығын жабатынын мәлімдеді.

Бұл дипломатиялық өкілдік Лондонның Шығыс Иерусалимдегі, Батыс жағалаудағы және Газа секторындағы палестиналықтармен байланысына жауап береді.

— Ұлыбритания Израиль туралы шектен шыққан өтірік таратып отыр. Жауап ретінде шара қабылдаудан басқа амал қалмады, — деді Саар.

Израиль билігі миссияға қызметін тоқтатуды талап етіп, оның дипломатиялық корпусының аккредитациясынан айырды. Оларға елден шығу үшін 30 күн берілді.

Сонымен қатар Израиль 11 британиялық парламент мүшесіне елге кіруге тыйым салды. Оларды Израильге қарсы әрекет етті деп айыптады.

Израиль билігі Батыс жағалауды даулы аумақ деп есептейді және ондағы елді мекендердің барлығын заңсыз деп мойындамайды.

Әлем елдерінің басым бөлігі оккупацияланған аумақта елді мекендер салуды халықаралық құқықты бұзу деп есептейді.

Еске салайық, бұған дейін Израиль үкіметінде Газа секторының тұрғындарын басқа жерге көшіру мәселесі әлі де қызу талқыланып жатқанын жазған едік.

Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Сириядағы Израиль әскері орналасқан позицияларға барып, Тегеранмен жалғасып жатқан текетіреске қатысты мәлімдеме жасады. Нетаньяху сапар кезінде Израильдің қазіргі Иран басшылығын жеңуіне аз қалғанын айтты.