Семей орманындағы өрт: 800-ден астам адам мен 8 әуе кемесі жұмылдырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Төтенше жағдайлар министрлігі «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында болған ірі орман өртін сөндіру операциясының нәтижесін жариялады. Өртті ауыздықтауға 800-ден астам адам, 204 техника және 8 әуе кемесі жұмылдырылған.
– Өрт анықталғаннан кейін күштер мен құралдар жедел түрде топтастырылып, жедел штаб құрылды. Барлық мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы ұйымдастырылды, – деді Ерлан Төрегелдиев.
Операцияға Төтенше жағдайлар министрлігімен қатар Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК Шекара қызметі, жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығының бөлімшелері қатысты.
Өртті сөндіруде авиация негізгі рөл атқарды. Әуе техникасы 380 мәрте су төгіп, өрт ошақтарына шамамен 900 тонна су жеткізді.
– Қабылданған жедел шешімдер мен барлық қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында өрт оқшауланып, оның әрі қарай таралуына жол берілмеді. Ең бастысы – елді мекендерге қауіп төнген жоқ және азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді, – деді комитет төрағасы.
Қазіргі уақытта өрт ошағында қайта тұтанудың алдын алу мақсатында су себу және күзет жұмыстары жалғасып жатыр. Министрлік барлық шешімдер әуе барлауы мен үздіксіз мониторинг деректері негізінде нақты уақыт режимінде қабылданғанын атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін, Семей орманындағы өрт 60 гектар аумақты шарпыды.
Сонымен қатар «Семей орманы» резерватында өрт шыққан соң лагерьдегі 200-ге жуық бала эвакуацияланды.
Премьер-министрдің тапсырмасымен екі министр «Семей орманына» аттанған еді.