Семей полигонының жабылғанына 21 жыл толуына орай қалаға 86 елден 150-ден астам делегат келеді
АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат - Тамыз айының 28-і күні Семейде жылдағы дәстүр бойынша әлем елдерінен делегаттар қатысатын алқалы жиын өтеді.
Семей сынақ полигонының жабылғанына 21 толуына орай өткізілгелі отырған шараға қызу дайындық жүріп жатыр, деп хабарлайды Семей қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Кеше қала әкімі Айбек Кәрімов бастаған билік басындағылар жиынға келетін қонақтарды қабылдайтын «Полковничий» аралындағы дайындық жұмыстарымен танысты.
Арал бүгінде полигон зардабынан құрбан болғандарды еске алатын бірден-бір орын болып отыр. «Өлімнен де күшті» монументі мен «Бейбітшілік» стелласы құрбандар рухына жасалған тағзымның көрінісі. Биыл бұл ескерткіштер қатары «Бейбітшілік мұражайымен» толығатын болады.
«Бұлай деуіміздің негізі - былтыр ашылған «Бейбітшілік» стелласының алдында қала халқының қатысуымен митинг өткізетін қонақтар болашақ мұражайдың іргетасын қаламақ. Осыған байланысты қазір алаңда жұмыс қарқынды жүріп жатыр» - делінген хабарламада.
-Семей сынақ полигонының жабылуына 21 жыл толуына орай өткізілетін іс-шараға әлемнің 86 елінен делегаттар қатысуға өтініш білдіріп отыр. Осы мемлекеттерден келетін 150-ден астам адамның алдында іргелі ел екендігімізді білдіру мақсатында көптеген шаруалар тындырудамыз. Бір ғана мысал ретінде, қала жұртшылығымен өтетін митинг орны аралды көркейту жұмыстарын айтуымызға болады. Қонақтарымыз аралда бой көтеретін «Бейбітшілік» мұражайының алғашқы кірпішін қалайды. Осы тарихи сәтті митингке қатысушы 10 мыңнан аса қала тұрғыны тамашалайтын болады. Делегаттар бұдан өзге қаламыздағы медициналық университет, онкологиялық диспансер мен радиологиялық институттың жұмысымен танысатын болады, - дейді қала әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева.
Жалпы аралдағы жөндеу жұмыстары аралға қатынайтын көпір үстінен басталып, «Денсаулық» соқпағын жандандыру, т.б сол сияқты істермен жалғаса береді. Мәселен, осыдан санаулы күн бұрын ғана қолға алынған «Денсаулық» соқпағын жандандыру қазір толық аяқталды деуге негіз бар. Ұзындығы 1 шақырымға жуық, ені - 4,5 метр болатын жолақты соқпақтың жолына жап-жаңа асфальт төселіп, жиектері орындықтар мен спорт алаңдарымен жабдықталды.
- Аралдың қақ ортасындағы «тәу етер жерлерге» тікелей апаратын соқпақтың әсіресе, қала тұрғындары үшін маңызы зор. Таза ауамен тыныстағысы келгендер үшін таптырмайтын жерге айналған соқпақта 9 спорт алаңы бар. Болашақта олардың санын тағы да өсірсек деген ойымыз жоқ емес. Ендігі кезекте - балалар үшін арнайы жабдықталған спорт алаңын салсақ па дейміз, - дейді соқпақты жөндеген «Көпір» басқармасының бастығы Н. Тоқтаров.