Семейде алаяқ емші ұсталды
Әуезов полиция бөліміне 29 жасағы қала тұрғыны арыз берген. Айтуынша, алаяқ емшінің құрбаны болған. 2018 жылдың желтоқсан айында көшеде таныс емес әйел адам келіп, оны әңгімеге тартқан. Артынша, өзін емші ретінде таныстырып, қатты көз тигенін және дереу емдеу керек екенін айтады. Бұл үшін алдымен өзі тағатын алтын бұйымдарды тазалауды сұрайды. Осылайша емшінің арбауына түскен қала тұрғыны жалпы құны 1 млн теңге болатын алтын әшекейлерін ойланбастан қолына ұстата салады.
Алаяқ әйел гипноз жасау арқылы өз ойын жүзеге асырған.
Шұғыл шаралардың нәтижесінде күдікті ретінде 40 жастағы қала тұрғыны ұсталды.
Қазір оның үстінен ҚР ҚК-нің 190 бабы, 1 тармағы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүруде.
«Криминалдық полиция қызметкерлері оқиға орнында саусақ іздері бойынша зерттеу жүргізді. Нәтижесінде күдіктінің жеке тұлғасы анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Тергеу барысында ол кінәсін мойындады. Алайда ұрланған заттар қайтарылмады. Себебі, алтын бұйымдарды сатып, ақшасын өз қажетіне жаратып үлгерген»,-деді Семей қалалық полиция басқармасының баспасөз хатшысы Елубек Оспанов.