Семейде физика пәнінің мұғалімі эстрада әншілерінің әндеріне сөз жазып беріп жүр
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Семей қаласында ашылған алғашқы № 51 «Келешек мектептің» директоры әрі физика пәнінің мұғалімі Қайырбек Әбілқасымов қазақстандық эстрада әншілері орындайтын әндердің сөзін жазып беріп жүр.
Педагог екі жылдан бері өлең жазып келеді. Қазір 1000-нан астам өлеңі бар. Әні мен сөзін өзі жазған шығармалары жүзден асады.
— Негізінен өлеңге деген ықыласым бала кезімнен байқалды. Оқушы күнімде қазақ ақын-жазушыларының туындыларын ерекше сүйіп оқыдым. Батырлар жыры мен дастандарға қаршадайымнан қанып өстім. Мектепте жүріп, ана, Отан, ұстаз тақырыптарындағы өлеңдерді, Абайдың шығармаларын жатқа айтатынмын. Сол сәттен бастап поэзия менің жан серігіме айналды. Бірақ өлең жазу қабілеті 50 жасқа толғанымда ғана келді, — дейді Қайырбек Әбілқасымов.
Енді ол алдағы уақытта жеке кітабын шығаруды жоспарлап отыр. Туындылары махаббат, табиғат, қоғам және адамның күнделікті өмірі тақырыптарына арналады.
Сондай-ақ мектеп гимнін жазған. Қазір әнге аранжировка жасалып жатыр. Жақын арада оны мектеп оқушылары орындайтын болады.
— Қазақтың бірнеше ұлттық аспабында ойнай аламын. Атап айтқанда, домбыра, тұяқтас, дауылпаз. Гитара да шертемін. Осының ішінде жүрегіме ең жақыны — домбыра. Себебі домбыра — қазақ рухының үні, сөздің киесі, шабыттың шынайы бастауы. Әр күй мен әр үн мен үшін жаңа өлеңнің тууына себеп болады, — дейді педагог.

Ән мен мұғалімдік қызметті қатар алып жүрген кейіпкеріміз мектепке өзінің тәрбиеге қатысты авторлық бағдарламасын, «1000 кітап» жобасын енгізіп, рухани-мәдени бастаманы қолға алған.
Оның «Ол сезім» деп аталатын туындысы Нұрболат Абдуллин орындап жүр. Гүлдана Ноғайбаева, Қаршыға Ильтанов, Жанболат Ербатыров сынды әншілерге де сөз жазып берген.
Мектеп директоры болу — үлкен жауапкершілік пен сенім жүктейтін маңызды міндет. Басты мақсатым — сапалы білім мен рухани тәрбие беретін заманауи орта қалыптастыру. Ұжым мүшелерінің кәсіби дамуына қолдау көрсетіп, креативті идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік беремін. Шығармашылық мен үшін — жан тынысы, ал басшылық — ел алдындағы аманат. Екеуін үйлестіру үшін тәртіп, уақытты тиімді жоспарлау және ішкі мотивация қажет. Шығармашылық күнімді байытады, ал қызметім желкенімді түзейді. Бірі-біріне кедергі емес, қайта бірін-бірі толықтырады, — дейді Қайырбек Әбілқасымов.
Сөз соңында ол барша әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.
— Ұстаз — ұлттың қазығы, рухтың жарығы. Әріптестерімді Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің еңбектеріңіз — ел болашағына қаланған мәңгілік іргетас. Шәкірті озғанның жүзі жарық, сөзі анық. Еңбектеріңіз еленіп, беделдеріңіз биіктей берсін. Дендеріңіз сау, мерейлеріңіз үстем болғай! , — дейді № 51 мектеп директоры.
Еске салсақ, осыған дейін Алматы облысында мектеп мұғалімі ағылшын тілін рэп арқылы үйрететіндігі хабарланған.