Семейде кондуктор ақша төлей алмаған баланы қараңғыда автобустан түсіріп жіберген
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Семей қаласында интернет байланысының жоқтығына байланысты ақша төлей алмаған баланы автобустан түсіріп жіберген кондуктор жауапқа тартылды.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, полиция қызметкерлері Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшалардың бірінде жарияланған факті бойынша тексеріс жүргізді.
— Белгілі болғандай, № 22 автобусқа отырған кәмелеттік жасқа толмаған бала интернет байланысының жоқтығына байланысты жолақысын уақтылы төлей алмаған. Алайда байланыстың қалпына келуін күте тұруды сұрағанына қарамастан кондуктор оны автобустан шығуын талап етіп, қараңғы уақытта мәжбүрлі түрде түсіріп жіберген, — делінген ақпаратта.
Осылайша, оқушы ата-анасының немесе заңды өкілдерінсіз көшеде жалғыз қалып қойған.
— Кондуктор кәмелетке толмаған жолаушыны қоғамдық көліктен күшпен түсіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл құқықбұзушылық үшін 5 АЕК (19 910 теңге) айыппұл қарастырылған. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары тасымалдаушы компания басшылығымен заң талаптарын сақтау және қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр, — делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Алматы маңында кондуктор жүріп бара жатқан автобустан құлап, мерт болғаны хабарланған.