Семейде өртке оранған үйден екі қарияны құтқарған азаматтар марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысының Төтенше жағдайлар департаментінде Семей қаласындағы өрт кезінде екі адамды құтқарып қалған батыл азаматтарды құрметтеу рәсімі өтті, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
— Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтың бұйрығына сәйкес, Исай Қыдырханов пен Тимур Кәкімов «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды. ТЖД бастығы Манарбек Шапағатов салтанатты түрде азаматтарға наградаларды табыстап, көрсеткен батылдығы мен табандылығы үшін алғысын білдірді, — делінген ведомство хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың 23 қазанында Семей қаласында жеке тұрғын үйде өрт шыққан. Өртке қарсы қызмет бөлімшелері келгенге дейін Исай Қыдырханов пен Тимур Кәкімов батылдық пен табандылық танытып, жанып жатқан үйге кіріп, екі қарт адамды қауіпсіз жерге алып шыққан. Сонымен қатар, жарылыстың алдын алу мақсатында олар газ баллонын да сыртқа шығарған болатын.
Бұл іс-әрекет немқұрайлылық танытпай, сын сағатта адамдарды құтқару үшін барын салған қарапайым тұрғындардың азаматтық жауапкершілігі мен батырлығының жарқын үлгісі бола білді.
Осыған дейін Ақмолада құқықбұзушылықты анықтауға көмектескен оқушы марапатталғанын жазғанбыз.