Семейде «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ашылды

Мұнда Елбасы бағдарламасының жүзеге асуын ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі және «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласына сәйкес қалада өтетін шаралардың барлығы алдымен осы орталықтың сараптауынан өтеді. Содан кейін көпшіліктің назарына ұсынылады.
Сонымен қатар Call-орталығының салтанатты таныстырылымы өткізілді. Орталық қызметкерлері «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ұсыныстар мен ескертулерді қабылдап, тұрғындармен бағдарламаны іске асыру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
Кеңсенің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева арнайы келді. Шара барысында Аида Ғалымқызы университет студенттерімен кездесті. Елбасы әлемнің ең мықты ғалымдарының үздік оқулықтарын қазақ тіліне аударып, оны отандық оқу орындар бағдарламасына енгізуді тапсырған болатын. Кездесуде қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» жобасы туралы, кітаппен біртіндеп барлық оқу орындары қамтамасыз етілетіндігін жеткізді.
«Қазір оқулықтарды қазақ тіліне аудару процесі жүріп жатыр. Бұл өте маңызды. Бұған дейін кітаптар жартылай аударылатын немесе бірқатар қателіктермен. Қазір мемлекеттік тілдің маңыздылығын жас ұрпаққа түсіндіру маңызды. Сондықтан бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар көп», - деді Аида Балаева.