Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Семейде «Заря» жағажайын бүлдірген вандалдар жауапкершілікке тартылады

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысының әкімі Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес, Семей қаласындағы жаңартылған «Заря» қоғамдық жағажайының мүлкін бүлдірген тұлғалар анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Семейде «Заря» жағажайын бүлдірген вандалдар жауапкершілікке тартылады
Фото: Абай облысының әкімдігі

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысы мәлімдеді.

Жуырда ғана күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындардың игілігіне берілген Семей қаласындағы «Заря» жағажайының бүгінгі жағдайы алаңдаушылық туғызуда. Демалушылар жағажай аумағындағы шлагбаум мен орындықтарды әдейі бүлдірген. Сонымен қатар кейбір орындықтар ұрланып, аумақ тұрмыстық қалдықтармен ластанған.

Осыған байланысты облыс әкімі Берік Уәли Абай облысы полиция департаментінің бастығы Елдар Данияровқа аталған құқық бұзушылықтарға қатысы бар тұлғаларды қысқа мерзімде анықтап, оларды заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілікке тартуды тапсырды. Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шараларын күшейтіп, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу жөнінде қажетті шаралар қабылдау жүктелді.

Облыс әкімдігі тұрғындарды қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға үндеді.

— Мемлекет қаражаты есебінен салынып, халық игілігіне берілген мұндай нысандар — баршаға ортақ құндылық. Оларды таза ұстап, бүлдірмей, келер ұрпаққа аман жеткізу — әр азаматтың азаматтық борышы, — делінген хабарламада.

Еске салайық, биыл Семей қаласында тұрғындар мен қала қонақтарының жайлы демалысы үшін үш тегін қоғамдық жағажай толық жаңартылып, абаттандырылды. Солардың бірі — «Заря» шағынауданындағы жағажай.