Семейлік оқушы өз күшімен жиһаз цехын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр

«Қазақ гуманитарлық-заңгерлік инновациялық университет Семей қаласының оқушылары арасында кәсіпкерлік саланы өркендету үшін дәстүрлі түрде «Startup Battle» байқауын өткізіп келеді. Осы байқаудың жеңімпаздарының бірі, №30 орта мектепте оқитын 11 сынып оқушысы Надир Сәбитов грант ұтып алып, қаңқасыз жиһаз өндіру бойынша өз бизнесін ашқан», - делінген ведомствоның сайтында.
Оқушының өзі байқауда қалай жеңіске жеткенін айтып берді.
«Қазақ гуманитарлық-заңгерлік инновациялық университетінің бизнес-инкубаторындағы «Fox» оқыту орталығындағы семинарлардан қалмай маркетинг, сату және дизайн саласындағы білімімді шыңдадым. Семей нарығын жаулауға осы білімім көп көмектесті. Қазір басқа жақтан ресурс тарта отырып, жылдам өсім үшін инвестициялық модель құрудамыз», - дейді Надир Сәбитов.
Оның дүкені шығаратын түкті қаптарға сұраныс жоғары болды. Қазір жас кәсіпкердің штатында үш адам бар: екі тігінші және бір ассистент.
Надирдің айтуынша, көп ұзамай жиһаздарды Өскемен мен Павлодар тұрғындарына сату көзделіп отыр. Содан кейін жігерлі жас кәсіпкер тіпті Қазақстан нарығынан асып, ТМД елдеріне кіруді жоспарлауда.