Семсерлесуден қазақстандық спортшылар әлем кубогында бесінші орын алды
АСТАНА. KAZINFORM – Германияның Хайденхайм қаласында семсерлесу спортынан сапы сайысы бойынша әлем кубогының кезекті кезеңі аяқталды. Сайыс барысында еліміздің ерлер құрамасы 14 ұпаймен 5-орынға ие болды.
Еліміздің ерлер құрамасы сапында Ерлік Сертай, Елмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов жарыс жолына шықты.
Қазақстандық спортшылар 1/16 финалда Швецияны 45:36 есебімен сүріндірсе, 1/8 финалда 2014 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері болған Испанияны 45:43 есебімен орта жолда қалдырып кетті.
Ал 1/4 финалда Венгриянға 28:45 есебімен жеңіліп қалды. Аталған құрама сапында әлем чемпиондары Мате Кох пен Гергей Шикло өнер көрсетеді.
Одан кейін 5-8-орын үшін сайыста Чехияны 45:33, Украинаны 45:34 есебімен тізе бүктірді.
Енді әлем кубогының шешуші кезеңі 24 наурыз күні Тбилисиде (Грузия) өтеді.
Сәуір айының басында әлемдік рейтинг (50 мемлекет) бойынша бастапқы 24 құрама Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алады.
Әлемдік рейтинг нәтижесі:
1. Италия - 349 ұпай
2️. Франция - 321 ұпай
3️. Венгрия - 292 ұпай
4️. Жапония - 278 ұпай
5️. Венесуэла - 278 ұпай
6️. Қазақстан - 264 ұпай
Еске салсақ, 2023 жылы Түркияда өткен алғашқы әлем кубогының кезеңінде жігіттеріміз тарихи алтынға қол жеткізген еді.
Еске салсақ, бұдан бұрын семсерлесуден Азия чемпионатында қоржынға 2 күміс медаль түсті.