Сенат Азия кеңесіне қатысты маңызды құжатты мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Азия кеңесіне қатысты тиімділігін жақсартуға бағытталған құжат талқыланды.

Сенат Парламента Парламент Сенаты
Фото: Ағыбай Аяпбергенов /Kazinform

Палата отырысында сенаторлар «2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан аумағында болуы шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады.

Бұл хаттамаға 2024 жылғы 15 қарашада Астана қаласында қол қойылды.

— Бұл заң Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға трансформациялау туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша және 2022 жылғы қазанда Астанада өткен Азия Кеңесінің 6-шы Саммитінің шешімі негізінде әзірленген. Штаб-пәтері Астанада орналасқан, құрылғалы бері өзінің тиімділігін дәлелдеп келе жатқан Азия кеңесіне 28 мемлекет мүше, бұл — Азия құрлығының 90 пайызын құрайды. Сондықтан Қазақстан кеңестің негізін қалаушы мемлекет ретінде Ұйымның жалпы қызметін, соның ішінде атқарушы органы — Хатшылық жұмысын жақсартуға ерекше мән беріп келеді, — деді сенатор Дархан Қыдырәлі.

Хаттамаға енгізілген өзгерістер Біріккен Ұлттар Ұйымының және өзге де халықаралық ұйымдардың ережелері мен тәжірибесіне сәйкес, мүше мемлекеттерден Хатшылыққа жұмысқа жіберілетін немесе келісімшарт негізінде қызмет атқаратын персонал мүшелерінің мәртебесін нығайтуды көздейді.

— Азия Кеңесі сияқты үкіметаралық немесе мемлекетаралық ұйымға мүше әрбір мемлекет, әсіресе қабылдаушы тарап, қызметкерлердің функциялары мен тәуелсіздігінің халықаралық сипатын тануды, құрметтеуді және сақтауды іргелі қағида ретінде қабылдауы тиіс екені белгілі. Бұл қағида қызметкердің азаматтығына қарамастан өз қызметтік міндеттерін атқару барысында қабылдаушы елдің юрисдикциясынан иммунитетке ие болуын, мемлекеттің жеке табыс салығынан босатылуын және басқа да бірқатар артықшылықтармен қамтамасыз етілуін көздейді. Жалпы, Хатшылықтың Қазақстан аумағында болуы шарттары туралы Келісімге 32 өзгеріс енгізу қарастырылған. Олардың 13-і — Хатшылық персоналына «халықаралық азаматтық қызметші» функцияларын беру, қалған 19-ы — редакциялық түзетулер, — деді депутат.

Оның айтуынша, қазіргі геосаяси аумалы-төкпелі кезеңде Азия кеңесі өзінің тиімділігімен бұрынғыдан да жоғары сұранысқа ие болып отыр. Осыған орай, қабылданатын заң Ұйым қызметкерлерінің еңбек жағдайларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, Азия кеңесін толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға оң әсер береді және оның әлеуетін одан әрі арттырады.

Бұған дейін АӨСШК-ге мүше елдер қаржы саласындағы ынтымақтастықты нығайта түсетінін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар