Сенат БАҚ өкілдері арасында «Парасат» байқауын жариялады
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Парламентінің Сенаты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында дәстүрлі «Парасат» байқауының басталғанын хабарлады.
Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
– Байқауға Мемлекет басшысының бастамасымен елімізді дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру үшін қолға алынған іргелі істердің мәнін, оның ішінде конституциялық реформаның маңызын, сондай-ақ Сенаттың осы бағыттағы заңнамалық жұмысын дәріптеп, халыққа насихаттап жүрген журналистер, шығармашылық ұжымдар мен блогерлер қатыса алады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, жүлделер телевизия, радио, баспасөз, интернет-басылым және әлеуметтік желі бағыттары бойынша үздік жұмыстарға беріледі.
– Озық аналитикалық материалға да арнаулы сыйлық қарастырылғанын атап өткен жөн, – деп жазды Сенат төрағасы.
Байқауға 2025 жылғы 21 мамыр мен 2026 жылғы 20 мамыр аралығында жарияланған материалдар қабылданады.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі – 10 маусымға дейін.
Байқау келесі номинациялар бойынша өтеді:
– Үздік телевизиялық материал;
– Үздік радиоматериал;
– Басылымдық БАҚ-тағы үздік жарияланым;
– Интернет-басылымдағы үздік жарияланым;
– Әлеуметтік желідегі үздік жарияланым;
– Жылдың арнаулы сыйлығы: Үздік талдамалық материал.
Материалдарды Senat_Press@parlam.kz және Senat.Parasat2026@gmail.com электрондық пошталарына жолдауға болады.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында өтеді.
Айта кетейік, Азаматтық бастамаларды қолдауға арналған шағын гранттар байқауына 520 өтінім түсті.