Сенат депутаты бруцеллез жұққан еттің таралуына алаңдаулы

АСТАНА. KAZINFORM — Сенатор Ернұр Әйткенов өзінің депутаттық сауалында Қазақстандағы ветеринария қызметінің жай-күйіне алаңдаушылық білдірді және салаға шұғыл әрі жүйелі шешімдер қажеттігін атап өтті.

Бруцеллез скота выявили в трех селах СКО
Фото: pixabay.com.

Депутат вакцина мен мал құлағына салынатын белгілерді жеткізудің ұдайы кешігуі шешілмейтін проблеманың бірі екенін айтады. Бұл мәселе малды есепке алу мен бақылау тәртібін, алдын алу мен дәрі егу мерзімін бұзады, иммундық қорғанысты әлсіретеді және қауіпті инфекцияның таралу қаупін арттырады.

Ал вакцина көбінесе мал иесі есебінен сатып алынады, шығу тегі, сапасы мен тіркелуіне бақылау жасалмайды, тиімділік мониторингі жүргізілмейді.

— Бруцеллездің малға таралуы эпидемиялық ахуалға, адамдардың ауыруына ықпал етеді, бұл мүгедектікке әкелетін емделуі қиын ауру. Ауру мал мен оның еті жұқтырудың негізгі көзі болып саналады. Соңғы 3 жылда Қазақстанда 2 мыңға жуық адам бруцеллез ауруына шалдықты. Санитарлық мақсатта сойылып, сатылған етке бақылаудың болмауы қауіпті күшейтеді. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, ет ПТР талдау нәтижесін алғанша сатылымға шығып кетуі мүмкін. Фермерлік қауымдастықтар мұндай етті делдалдар арқылы сатып жіберу жағдайлары болатынын растайды, бұл санитарлық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді, — деді Ернұр Әйткенов Сенат отырысында.

Сонымен бірге, сенатор ауылдық жерлерде ветеринария инфрақұрылымы жетіспейтінін атап өтті. 2100-ден астам ауылдық округтің 30%-ында ғана ветеринарлық бекет бар, олардың көпшілігі нашар жабдықталған.

Тіркелген 1 164 сою алаңының 497-сі ғана жұмыс істейді, бұл фермерлерді ветеринарлық бақылаусыз және санитарлық нормаларды бұзып, малды аулада союға мәжбүр етеді. Материалдық-техникалық база ескірген, жабдық пен көлік 2013 жылдан бері жаңартылмаған, бұл жұмыстың тиімділігін төмендетеді.

— Вакцина мен мал құлағына салынатын белгіні орталықтандырып сатуды ұйымдастыруды, бруцеллезге қарсы вакцина сатып алуды қаржыландыруды ұсынамыз. Бруцеллезге қарсы вакцинацияны бақылаудың ғылыми негізделген тұжырымдамасы мен тәртібін әзірлеу қажет. Етті ПТР-талдау нәтижесін алғанша сатуға тыйым салып, санитарлық сою тәртібін жаңарту, мәжбүрлі союдан кейін ет қозғалысын бақылауды күшейту қажет. Ауылдық округтердегі ветеринариялық бекет пен санитариялық сою орындары желісін кеңейту, малмен қауіпсіз жұмыс істеу үшін ветеринария бекеттерін мамандандырылған үй-жаймен, бөлімдермен және ұстағыш жабдықпен толықтай қамтамасыз ету ұсынылады, — деді сенатор.

Бұған дейін Ертіс-Баян өңірінде 1,5 мыңға жуық қара малдан бруцеллез анықталғаны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар