Сенат халықаралық міндеттемелерді орындауға қатысты құжатты мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға Қазақстан Республикасының ескертпесін және мәлімдемесін алып тастау туралы» Заңы мақұлданды.
- Заң Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін толық көлемде орындауға және аталған Конвенцияның еліміз үшін толық көлемде күшіне енуін қамтамасыз етуге бағытталған. 1947 жылғы 21 қарашадағы Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенция - Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемелерінің құқықтық мәртебесін айқындайтын және олардың тәуелсіз әрі тиімді қызметін қамтамасыз ететін негізгі халықаралық-құқықтық құжаттардың бірі. Конвенция мамандандырылған мекемелердің мүлкі мен активтеріне қатысты артықшылықтарды, салық және кедендік жеңілдіктерді, сондай-ақ олардың лауазымды тұлғаларына берілетін иммунитеттер мен кепілдіктерді белгілейді, - деді сенатор Амангелді Нұғманов.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан Республикасы Конвенцияны 2020 жылы ратификациялау кезінде Конвенцияның VI бабының 19-бөлімінің тармақшаларына қатысты ескертпе және III бабының 9-бөлімінің тармақшаларына қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
- Атап айтқанда, енгізілген ескертпеге сәйкес, мамандандырылған мекемелердің лауазымды тұлғаларына берілетін жекелеген артықшылықтар Қазақстан Республикасының азаматтарына қолданылмайтын болып белгіленді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Конвенцияның III бабының 9-бөлімінің тармақшаларына қатысты «кедендік алымдар» ұғымын ұлттық заңнамаға сәйкес түсінетіндігі туралы мәлімдеме жасаған болатын. Нәтижесінде, Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық мамандандырылған мекемелерінің басым бөлігі Қазақстан Республикасының ескертпесі мен мәлімдемесіне қарсылық білдірді. Қарсылықтардың негізгі себептері ретінде аталған шектеулердің Конвенцияның техникалық немесе рәсімдік нормаларына емес, оның негізгі құқықтық мазмұнына қатысты екені көрсетілді. Сонымен қатар, мамандандырылған мекемелер енгізілген ескертпе мен мәлімдеме ұйымдардың қаржылық және әкімшілік тәуелсіздігін қамтамасыз ететін негізгі кепілдіктерге, сондай-ақ олардың қызметкерлерінің құқықтық мәртебесіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Осыған байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Құқықтық мәселелер жөніндегі басқармасы Қазақстан Республикасына аталған ескертпе мен мәлімдемені кері қайтарып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды, - деді депутат.
Халықаралық құқықтық практикаға сәйкес, мұндай сипаттағы ескертпелер мен мәлімдемелер тиісті мамандандырылған мекемелердің келісімінсіз толыққанды құқықтық салдар туындатпайды. Сондықтан Қазақстан Республикасы енгізген ескертпе мен мәлімдемені кері қайтарып алмайынша, Конвенцияның еліміз үшін толық көлемде күшіне ену мәселесі ашық күйінде қалып отыр.
- Бұл ретте Конвенцияның V бабына сай 16-бөлімде артықшылықтар мен иммунитеттердің жекелеген тұлғалардың жеке пайдасы үшін емес, мамандандырылған мекемелердің өз функцияларын тәуелсіз әрі тиімді орындауын қамтамасыз ету мақсатында берілетіні нақты белгіленген. Бұл ретте, Конвенцияда көзделген артықшылықтар мен иммунитеттер абсолютті сипатқа ие емес. Олар халықаралық ұйымдардың қызметтік міндеттерін орындауына қажетті көлемде ғана қолданылады және мемлекеттердің заңды мүдделері мен халықаралық ұйымдардың тәуелсіз қызметі арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді. Осыған байланысты бұрын енгізілген ескертпе мен мәлімдемені сақтаудың құқықтық әрі практикалық қажеттілігі бүгінгі күні өзектілігін жоғалтты. Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылын кеңейтуге және халықаралық бастамаларын ілгерілетуге ерекше мән беріп келеді. Осы тұрғыдан алғанда, аталған заңды қабылдау Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін толық орындауын қамтамасыз етеді, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі мамандандырылған мекемелермен ынтымақтастықты нығайтады, сондай-ақ еліміздің жауапты әрі сенімді халықаралық серіктес ретіндегі беделін одан әрі арттыруға ықпал етеді, - деді сенатор.
Еске салсақ, бұл заңды Парламент Мәжілісі осы жылы мамыр айында қабылдаған еді.