Сенат комитеті мемлекеттік монополия мәселелеріне арналған заң жобасын қарады

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Кеше Сенаттың Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік монополия мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Сенат комитеті мемлекеттік монополия мәселелеріне арналған заң жобасын қарады

Заң жобасымен 29 заңнамалық актіге мемлекеттің экономикаға араласуын азайтуға және мемлекеттік монополияны мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін, қоғамдық тәртіпті қорғауды, халықтың денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын қажет ететін айрықша жағдайларда ғана енгізуге бағытталған түзетулер қарастырылып отыр.

Бұл мақсатта, Жер, Орман, Экологиялық кодекстер мен «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс, «Өсімдіктер карантині туралы», «Байланыс туралы», «Мемлекеттік статистика туралы» және басқа да заңдарға тиісті өзгерістер енгізу ұсынылды.

Сол күні «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электроэнергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қаралды.

Заң жобасы электроэнергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша, сондай-ақ еліміздің электр энергетикасын дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастыру үшін  заңнамаларды жетілдіру мақсатында әзірленген болатын.

Заң жобасымен Азаматтық кодекске (Ерекше бөлім) төлем барысында энергия санын белгілеуге қатысты өзгерістер енгізу қарастырылып отыр.

Электр өндіруші ұйымдардың электр энергетикасы туралы заңнамада қарастырылғандай, электр энергиясын тарату (сату) және электр қуатының әзірлігін қолдап отыру жөніндегі қызмет көрсету тәртібін бұзғаны, инвестиция және көлемі және оның жіберілгені немесе инвестициялық міндеттемелердің орындалғаны туралы ақпараттың толық және дәл болмауы және уақытында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбағаны үшін жауаптылық белгілеуге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Сондай-ақ «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» және «Электр энергетикасы туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар да қарастырылады.

Заң жобалары палатаның қарауына жіберілді.