Сенат комитетінің төрағасы И.Адырбеков Грузияның Қазақстандағы Елшісін қабылдады

Сенаттың баспасөз қызметінен хабарлағандай, кездесуде Қазақстан мен Грузияның өзара ауқымды іс-қимылы, оның ішінде екі елдің заң шығару органдары арасындағы мәселелері талқыланды. И.Адырбеков жоғары деңгейдегі саяси үнқатысу және экономикалық ынтымақтастықтың зор әлеуетін атап өтті.
З.Патарадзе екіжақты өзара іс-қимылдың жағдайы және Астанадағы Грузия Елшілігінің ағымдағы қызметі туралы хабардар етті. «Грузия тарапы парламентаралық байланыстарды, әсіресе ынтымақтастық жөніндегі парламенттік топтар деңгейінде үдетуге әзір», - деді дипломат.
Жүздесушілер кедендік әкімшілендіру, көлік, туризм, мемлекеттік органдар арасындағы тәжірибе алмасу және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
З.Патарадзе биылғы қазан айының соңында өтетін президенттік сайлау қарсаңындағы Грузияның әлеуметтік-экономикалық дамуы және ішкі саяси жағдайы туралы әңгімеледі.
Кездесуге сондай-ақ Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Ертарғын Астаев та қатысты.