Сенат Өзбекстанмен арадағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімнің хаттамасын қабылдады
АСТАНА. 6 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «2001 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Републикасының Үкіметі мен Өзбекстан Респбликасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге Хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады.
Хаттаманың басты мақсаты Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын жеке тұлғалар мен көлік құралдарының кесіп өтуіне, жүктерді, тауарларды және жануарларды тасымалдауға қолайлы жағдайлар жасау болып табылады. Сондай-ақ хаттаманы іске асыру Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы халықаралық ынтымақтастықты, қатынасты дамыту үшін қолайлы жағдайға негіз қалыптастырады. Осы ретте құжат бойынша Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің тізбесі, мәртебесі және жұмыс тәртібі айқындалатын болады.
Хаттама 2006 жылғы 4 қыркүйекте Астанада жасалған. Өзбек тарапы аталмыш хаттаманы бекіткен. Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.