Сенат пен Мәжіліс неге біріктірілді — сарапшы жаңа саяси модельдің мәнін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM — 1 шілде күні Қазақстан заң шығарушы биліктің жаңа форматына көшеді. Екі палаталы Парламент — Сенат пен Мәжіліс орнын 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай басады.
Жаңа модельдің мәнін, оның тарихи негізін және не өзгеретінін Jibek Joly телеарнасының «Талдау» бағдарламасында сарапшы Нұрбек Мәтжани түсіндірді.
Сарапшының айтуынша, еліміздің саяси жүйесіндегі ауқымды бұрылыс бір күнде туған шешім емес. Керісінше, тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан парламентаризмнің заңды жалғасы әрі үшінші кезеңі. Нұрбек Мәтжани бұл өзгерістің мәнін тек атауын ауыстыру деп қарамауға шақырады.
— Бұл жерде әңгіме тек Парламенттің атауын ауыстыруда емес. Біз тұтастай жаңа саяси модельге көшіп отырмыз. Жаңа Конституцияға сәйкес Қазақстан екі палаталы жүйеден бас тартып, бір палаталы Құрылтай институтына көшеді. Құрылтай 145 депутаттан тұрады, олар жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде бес жыл мерзімге сайланады. Бұрын Сенат пен Мәжіліс бөлісіп келген өкілеттіктер енді бір органға шоғырланады, — дейді ол.
Сарапшы бұл шешімнің астарын түсіну үшін тарихқа көз жүгірту керектігін айтады. Оның пайымдауынша, тәуелсіз Қазақстанның парламентаризм тарихын үш дәуірге бөлуге болады.
Бірінші дәуір — Жоғарғы Кеңес кезеңі. 1991 жылы ел тәуелсіздігін жариялағанда, заң шығарушы орган ретінде кеңестік жүйеден қалған Жоғарғы Кеңес жұмысын жалғастырды. Дәл осы орган 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңды қабылдап, жаңа мемлекеттің құқықтық негізін қалады. 1993 жылы алғашқы Конституция қабылданып, Жоғарғы Кеңес ең жоғары өкілді әрі заң шығарушы орган ретінде, бір палаталы парламент бекітілді. Алайда 1994 жылғы сайлаудан кейінгі құқықтық дағдарыс 1995 жылы Конституциялық соттың шешімімен аяқталып, Жоғарғы Кеңес таратылды.
Екінші дәуір — екі палаталы Парламент кезеңі. 1995 жылғы 30 тамызда жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция елді алғаш рет екі палаталы жүйеге көшірді.
— Сол кезде орнатылған модельдің логикасы анық еді. Заң жобалары алдымен Мәжілісте қаралып, кейін Сенатқа жолданды. Ал Сенат заңның сапасын қайта саралап, өңірлердің ұстанымын ескерді. Осылайша әрбір заң бірнеше сүзгіден өтіп отырды. Бұл жүйе отыз жылға жуық қызмет етті, — деп түсіндіреді сарапшы.
Осы кезеңде Парламент құрамы бірнеше рет өзгерген. Нұрбек Мәтжанидің айтуынша, алғашқы шақырылымда Мәжілісте 67 депутат болса, 1999 жылғы реформадан кейін олардың саны 77-ге жеткен. 2007 жылғы конституциялық өзгерістер партиялық жүйені күшейтіп, депутат санын 107-ге дейін өсірген. Ал 2022 жылғы саяси реформалар елді аралас сайлау жүйесіне қайтарды. Соның нәтижесінде қазіргі Мәжіліс 98 депутаттан тұрады, 69-ы партиялық тізіммен, 29-ы бірмандатты округтерден сайланған.
Сарапшы бұл кезеңде заң шығарушы органның қол жеткізген нәтижесін атап өтеді. Отыз жылдан астам уақытта Парламент мыңдаған заң қабылдаған. Оның ішінде ұлттық валютаның қалыптасуы, салық пен бюджет жүйесінің құрылуы, Азаматтық және Қылмыстық кодекстердің қабылдануы, сот реформасы, кәсіпкерлік пен әлеуметтік саясаттың дамуы — осының бәрі сол заңдар арқылы жүзеге асқан.
Үшінші дәуір — Құрылтай кезеңі. Сарапшының түсіндіруінше, жаңа модельдің негізгі мақсаты — заң шығару рәсімін ықшамдау, депутаттардың жауапкершілігін арттыру және шешім қабылдау процесін жеделдету. Сонымен қатар жаңа Конституцияда жергілікті өкілді органдардың рөлін күшейтуге, билік тармақтарының өзара жауапкершілігін нақтылауға және азаматтардың саяси қатысуын кеңейтуге бағытталған нормалар көзделген.
Өтпелі ережелерге сәйкес, жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Президент Құрылтай сайлауын тағайындайды. Осы сайлаудан соң ел парламентаризмі жаңа институционалдық форматта жұмысын бастайды.
Еске сала кетейік, биыл 1 қыркүйектен бастап Құрылтай өз жұмысына кіріседі.