Сенат төрағасы Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісін қабылдады

Тараптар Қазақстан-Француз қатынастарының қарқынды дамуын және екі ел басшыларының - Н.Назарбаев пен Н.Саркози арасында қалыптасқан сенімді және достық байланыстар сипатын қанағаттанғандықпен атап өтті.
- Өткен бірнеше жыл біздің елдер арасындағы ынтымақтастықтың белсенділенуімен ерекшеленіп отыр, деді Қ.Тоқаев. Франция 2008 жылы Әріптестік туралы тарихи келісімге қол қойған алғашқы ел болды.
Ол Қазақстан Республикасының Парламентінің қызметі туралы әңгімелеп, оны құру барысында Францияның жоғарғы заңшығарушы органының тәжірибесі пайдаланылғанын атап өтті. Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің рөлі мен міндеттері туралы, Қазақстан Сенатындағы Франция Республикасымен депутаттық достық тобының қызметі туралы айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Сенатының төрағасын Қазақстанға ресми сапармен келуге, ал француз парламентшілерін алдағы жылы жазда өтетін Трансазиялық парламенттік жиынға қатысуға шақырды.
Жан-Шарль Бертонэ өз кезегінде Франция алдағы жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізу жайындағы қазақстандық бастаманы қолдайтынын атап өте келіп, біздің еліміздің беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуі мен осыған қатысты шаралардың табысты өтуіне тілектестігін білдірді.