Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Эстония Премьер-министрі Андрус Ансиппен кездесті
Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Эстония қарым-қатынастарының, сауда, экономикалық, мәдени және парламентаралық байланыстардың қарқынды дамуын қанағаттанғандықпен атап өте отырып, оларды одан әрі дамытудың келешегін талқылады. Көпжақты ынтымақтастықты жетілдіруге ортақ мүделілікті атап өте келіп, Қ.Тоқаев парламентаралық байланыстарды одан әрі дамытудың маңыздылығын айтты және эстон парламентшілерін еліміздің Парламентіне шақырды.
Қазақстан Сенатының Төрағасы Эстон Республикасы үкіметінің басшысын Қазақстан Парламентінің мемлекет пен қоғамды одан әрі демократияландыру үдерістерін заңнамалық тұрғыда қолдаудағы жұмыстары туралы айта келіп, Сенатты қалыптастыру қағидалары, Қазақстан мемлекеттік билік жүйесіндегі палатаның орны мен рөлі жайында әңгімеледі. Қ.Тоқаев «басталған сессияда дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламалар үдерістерін құқықтық қамтамасыз ету, экономикалық төмендеу зардаптарынан өту, демократиялық институттарды одан әрі дамыту және қабылданатын заңдардың сапасын арттыру заң шығару ісіндегі басымдықтар» екенін атап өтті.
Эстония Республикасының Премьер-министрі А.Ансип Қазақстанда ел Президентінің басшылығымен өтіп жатқан реформалар мен экономикалық, саяси және әлеуметтік дамудағы жетістіктерді жоғары бағалады. Орталық Азиядағы жағдай туралы мәселелер бойынша пікір алмасу барысында ол Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды рөлін ерекше атап өтіп, ЕҚЫҰ-ның жауапты лауазымында біздің елімізге табысты болуға тілектестігін білдірді.